Аймақтар • 23 Сәуір, 2020

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

546 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соғыс ардагері Мырзаболат Шәйменовтің майданда барлаушы болғандығы анықталып отыр. Бұл жай артында қалған ұрпақтары архив қойнауын ақтарған кезде белгілі болған. Мұрағаттан табылған құжаттарда шайқаста басқыншыларға қарсы ерлікпен күрескені жан-жақты баяндалыпты.  

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

1920 жылы Омбы облысында туған Мырзаболат Шәйменов 16 жасында қазіргі Біржан сал  ауданына көшіп келген. 7 сыныптық біліммен педучилищені тәмамдаған. Архив беттерінен табылған деректерге сүйенсек, ол 1941-1944 жылдар аралығында Прибалтика майданының  52-ші құпия гвардиясының атқыштар дивизиясында барлаушы болған.

– Қай жерде соғысқаны, соғыста қандай жағдай болғаны туралы тіс жарып айтқан емес. Бар құпияны өзімен бірге ала кетті. 2017 жылы ас береміз деп қамданғанда, жиеніміз «Подвиг народа» деп аталатын сайтта деректер болдатындығы туралы естіпті. Ақтарып көрсек, әке ерлігі тайға таңба басқандай жазулы тұр, – дейді ардагердің қызы Айгүл Шәмшуалиева.

Архивтегі деректер бойынша қан майданда қайсарлық пен батылдық көрсеткен Мырзаболат Шәйменов екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, 2-ші және 3-ші дәрежелі «Даңқ» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталғандығы белгілі болып отыр.

Батырдың қызы Айгүл Шәмшуаливаның қайын атасы да майданда ерлік көрсеткен жауынгерлердің бірі. 1920 жылы дүниеге келген Сабағат Шамшуалиев 1941 жылы әскерге аттанған. 19-шы гвардиялық атқыштар дивизиясында старшина болған. 1943 жылы ауыр жарақат алған Сабағат атамыз із-түзсіз жоғалғандардың тізімінде болған. Кейін оның жараланып, ауруханаға түскені белгілі болады. Бүгінде артында қалған балалары «Германияны жеңгені үшін», 1-ші дәрежелі «Ерлігі үшін» медалімен, «Ұлы Жеңістің 40-жылдығы» медалімен марапатталғанын айтып, еске алуда.

– Біржан сал ауданының Ұлы Жеңіс ардагерлеріне арнап орнатылған  ескерткішіне Сабағат атаның есімі жазылған. Өкінішке орай, бұл тақтаға әкемнің аты енгізілмеген, – дейді Айгүл Шәмшуалива қамығып.

Қаһарман жауынгердің ерлігі енді белгілі болып отыр. Арада қанша жыл өткеннен кейін. Ерлігі ешқашан ұмытылмайды дейтіні осындайдан-ау, сірә.

 

Біржан сал ауданы,

Ақмола облысы.