«Зеренді» ешкі фермасы жұмысын тоқтатқан жоқ. Асыл тұқымды малдың сүті күрделі технологиялық желі арқылы өңделеді. Қазір, кәсіпорында жұмысшылардың дені қысқартылған. Бұл жай ферма өнімін саудалау нарығының тарылуына байланысты. Қазір дайын өнім тек елордаға ғана жеткізілуде. Бұған дейін, ешкі сүтінен әзірленген өнімдер Нұр-Сұлтан қаласымен қатар, Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған, Қостанай қалаларында да саудаланатын еді. Кәсіпорында жем-шөп әзірлеу зауыты мен мал азығының жеткілікті қоры бар.
– Кәсіпорын қазірдің өзінде елеулі шығын көріп отыр. Біз бұл шығындардың әсерін биыл да, келер жылы да сезінетін боламыз. Ауыл шаруашылығында белгілі бір мерзімдегі ұтымды ұйымдастырылған жұмыс бүтін бір жылдың өнімділігіне әсер етеді. Өкінішке қарай, биылғы көктемнің қиындықтарынан келген шығын көлемі ондаған миллион теңгені құрайды, – дейді Зеренді асыл тұқымды ешкі шаруашылығы жобасының жетекшісі Азамат Тұрмағамбетов.
Ферма елорданың азық-түлік белдеуіне енген. Кәсіпорын әлеуметтік маңызы бар нысандарды шипалы ақ тағаммен қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ өңір тұрғындары Шекшек ата түлігінің сүтін жас сәбилерді тамақтандыруға жиі қолданады.
Ауыл шаруашылығы нысанының көркеюіне ауыл тұрғындары аянбай еңбек етті, жанын салды. Шаруалар ферманың болашағына сеніммен қарайды.
– Кәсіп бастауыма үлкен қолдау білдірген жұбайыма алғыс білдіремін. Ол бизнесті қалыптастыруға, дамытуға үлкен үлес қосты. Біз барлық қиындықтарды бірге жеңдік. Қазіргі жағдайда да бірлесіп шешім табатынымызға сенемін, – дейді Зеренді асыл тұқымды ешкі шаруашылығы жобасының жетекшісі Азамат Тұрмағамбетов.
Асыл тұқымды ешкі шаруашылығының өндіріс көлемі азайған. Алайда, шаруалар тығырықтан шығар жол іздеп, сақтау мерзімі ұзақ өнімдерге басымдық беріп отыр. Тапсырыстарды белгіленген мерзімде орындап, тұтынушының сенімін жоғалтпауды да ұмыт қалдырмаған. Қазір, кәсіпорын балмұздақ өндірісін қолға алған. Бұдан бөлек, май, сүзбе, ірімшік пен құрт та өндіріледі. Өндіріс шығындарының артуына қарамастан, бұл сыннан сүрінбеуіміз керек, – дейді өз ісін сүйген шаруалар.