Аймақтар • 23 Сәуір, 2020

Юрий қазақтың күйіне ғашық

314 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өнер ұлтқа бөлінбейді. Соның айқын дәлелі көкшетаулық жас күйші – Юрий Кочетыгов. Ол 10 жасынан қазақтың қос ішекті домбырасын жанына серік еткен. Өнерлі өрен мемлекеттік тілде де мүдірмей сөйлейді. Көптеген халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып жүр.

Юрий қазақтың күйіне ғашық

Бұл күй атасы Құраманғазының «Адайы» домбыра шанағынан төгіліп тұр. Юрий кәдімгі дәулескер домбырашыларша қапысыз шеберлікпен орындайды екен. Осындай рухты күйлер Юрийдің репертуарында көптеп кездеседі. Өнерге қатты қызыққан өнерпазды 10 жасында ата-анасы музыкалық мектепке әкеледі. Сол кезде түрлі аспаптардың ішінен орыс баласы қазақтың домбырасын таңдайды. Оның сөзінше, қос ішекті домбыраның күмбірі ерекше.

– Мені ең алғаш музыкалық мектепке әкелгенде ол жерде аспаптар көп болды. Пианино, фортопиано, баян секілді. Бірақ мен домбыраны таңдадым. Себебі домбыраның дауысы, үні маған қатты ұнады.  Ал, осы домбыраны маған ата-анам арнайы  жасатты.  Мен қазіргі таңда 50-ден астам күй білемін. Бүгінде Біржан сал колледжінде «Домбыра пәнінің мұғалімі» мамандығында оқып жатырмын. Болашақта басқа балаларға домбыра үйретемін. Маған Құрманғазы атамыздың және Секен Тұрысбековтың күйлері  ұнайды. Әсіресе Секен Тұрысбековтің «Ақ жауын» күйі, – дейді жас домбырашы Юрий Кочетыгов.

Юрий отбасының тұңғышы. Артынан ерген қарындасы Злата да қазақ мектебінде оқиды.  Ол да өнерден құр алақан емес. Ағасы сияқты домбыра, флейта аспаптарында ойнайды. Ал, ата-аналары әрдайым олардың өнеріне қолдау білдіріп, шығармашылықтарын шыңдауға үлес қосып келеді.

– Біз Юрийді мемлекеттік тілде оқытқан себебіміз,ол қазақ балабақшасына барды. Көп сөздер үйреніп, түсіне бастады. Қазақша таза сөйлеген соң, біз оны Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясына қазақ тілінде білім алуға бердік. Менің ойымша, әр бала мемлекеттік тілді білуі керек. 10 жасында ол музыкамен айналысқысы келді. Музыкалық мектепке алып келсем, домбыра курсына іріктеу болып жатыр екен. Юрийдің қызығушылығын байқадым да сол домбыра курсына жаздым. Бұл оның қалауы, – дейді анасы Олеся Кочетыгова.

Қос ішектің құлағын бұрап, күй күмбірлеткен жас өрен көптеген байқауларда топ жарған. Атап айтсақ, халықаралық «Астана - мерей», «Анаға тағзым» байқауларында дипломант атанған. Облыстық сайыстардың бірнеше дүркін  лауреаты. Юрий  осындай шығармашылық байқаулардың бірде-біреуін қалт жібермеуге тырысады. Ол болашақта қазақтың киелі домбырасымен әлемдік аренада өнер көрсетсем деген ізгі арманын жасырмады.