Аймақтар • 23 Сәуір, 2020

Есіл суының биіктігі 98 см-ге дейін түскен

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұған дейін Есілдің Солтүстік Қазақстандағы биылғы тасуының барысы туралы жазған болатынбыз. Қар көп болғанымен оның қауіптілігі биыл күрделі болған жоқ. Сергеев су қоймасындағы ең жоғарғы биіктік 195 см болды. 2017 жылы ол 322 см жеткен болатын. Бұған биылғы қардың күрт ерімей, қатып ерігендігінің пайдасы зор болды. Сонымен қатар төтенше жағдай қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың алдын ала дайындалып, Есілдің сағаларындағы судың қалыпты көтерілуі үшін түрлі шаралар жасағандығы үлкен септігін тигізді. Қазір Есіл суының мұндағы биіктігі 98 см-ге дейін түскен.

Есіл суының биіктігі 98 см-ге дейін түскен

Алайда ТЖ мамандары тасқынның екінші толқыны келе жатқанын айтып, қауіптің сейілмегенін халыққа жеткізуде. Оның негізгі себебі Есілдің оңтүстіктегі, яғни Ақмола облысындағы кейбір сағаларының мол сулы болып, қазір негізгі артерияға құйылып жатқандығынан болып отыр екен. Соның ішінде Жабай, Колутон өзендерінің сулары Есілдің арнасын әжептәуір көтеруде. Державинскідегі гидробекеттің мәлімдеуіне қарағанда олардың суы Есілдің арнасын 79 см-ге дейін көтерген, алайда бұл су Солтүстікке екі тәулікте жетіп, ағын саябырлайды. Бірақ ол бәрібір із-тұзсыз аяқталмайды екен.

Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖ департаментінің бастығы, полковник Рамил Камалов журналистерге брифинг беріп, осы екінші толқынның қаншалықты зардап әкелуі мүмкін екендігін және қазіргі жағдай туралы айтып берді. Екінші толқын Петропавл қаласының маңындағы Заречный кенті мен Қызылжар ауданының Прибрежное және Тепличное ауылдарына қиындық әкелуі мүмкін екен. Бұл қалыптағы маусымдық жағдай, дәл осы елдімекендерге Есіл тасығанда жыл сайын қауіп төнеді. Алайда биыл су көлемі жылдағыдан екі есе көп. «Ол елдімекендердің тұсында жиналған ағын судың көлемінен көрінуде. Алайда жалпы жағдай бақылауда. Шектен шыққан су жоқ, біз тұрғын үйлерді су баспауы үшін қолдан келген шараларды жасаудамыз. Ал Есілдің бойына салынған саяжайларды су басуы қалыпты жағдай. Оны иелері жақсы біледі. Ешкім бұл процестен қашып құтыла алмайды. Біз саяжайшыларды тек құлақтандырып, су көтерілгенде ешкімнің үйлерде болмауын ескертеміз», деді полковник.

Есілдің тасуы Петропавлды басып өтетін республикалық маңызы бар Челябинск-Новосибирск автожолының 528 және 529 шақырымынан да көрінді. Осы және Петропавлдан Заречный кентіне баратын жолдардың үстіне су шығып кеткен.  Бұл жерлерге ескерту белгілері қойылып, қозғалыс уақытша жабылды. Оның үстіне кезекшілік ұйымдастырылды, деді Р.Камалов. Сонымен қатар Заречный кентін азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін үлкен автомобильдер ғана жіберілетіні белгілі болды, өйткені шағын көліктер су шайған жолдан өте алмайды екен. Бірақ тұрғындар жаяулар жүретін көпір арқылы қаламен қатынасып жатыр. Мұндағы ең қауіпті участок 1-ші Заречный көшесі болып тұр. Осындағы үйлерге су жетіп қалуы мүмкін екен, бірақ әзірге ол бау-бақшалардан аспаған.

ТЖ қызметінің ағын судың алқауын бөгеуде істеген жұмыстарының қатарында Рамил Камалов өткен тәуліктерде Ұлттық ұланның күшімен бірлесе  отырып, Тепличное мен Заречный кенттерін қорғауға 6 мың қапшық инертті материалдар араласқан құм бөгеттері үйілгенін айтты.  Сөйтіп, тасқын тұрақты бақылауға алынған.  

Осы күндері Петропавл қаласының өзі Есілдің ең жоғары көтерілу кезеңін бастан кешуде. Соңғы үш тәулікте оның көтерілуі 22 см-ге жеткен. Сонымен қатар судың көтерілуі Петропавлға жақын орналасқан Бәйтерек, Новоникольск, Водопроводный ауылдарында да байқалады.

Сөзінің қорытындысында ТЖ департаментінің бастығы жалпы жағдайдың шектен шықпасына сенім білдірді.

Солтүстік Қазақстан облысы