Аймақтар • 23 Сәуір, 2020

Батыс Қазақстанда ауырғандар саны 86-ға жетті

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында «COVID-19» инфекциясын жұқтырған адамдардың саны 23 сәуірдің таңында 86-ға жетті. Соңғы анықталған 10 адамның 9-ы – Ресей Федерациясынан келген вахталық жұмысшылар.

Батыс Қазақстанда ауырғандар саны 86-ға жетті

- Коронавирустық инфекция табылған бұл 9 жұмысшының біреуі – Түркістан облысының тұрғыны, 8-і – батысқазақстандықтар. Сонымен бірге, Орал қаласында тұратын 48 жастағы тұрғыннан да инфекция табылды. Ол коронавирустық инфекция жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғаны үшін карантиндік стационарда жатқан болатын, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Ресей Федерациясымен шекарадағы «Сырым» және «Тасқала» автоөткелдеріндегі санитарлық-карантиндік бекеттерде эпидемиолог мамандармен қашықтық термометрия және сауалнама жүргізу кезінде азаматтардың денсаулықтарына шағымдары болмаған. Алгоритмге сәйкес, СКП эпидемиологтары жедел жәрдем шақырып, азаматтар карантиндік стационарларға жатқызылды.

Оқырмандарымыздың байқап отырғанындай, Батыс Қазақстан облысында анықталған науқастардың 90%-дан астамы – Ресей Федерациясынан келген өз азаматтарымыз. Халық арасында осы жағдайларға алаңдап, «шекараны мүлдем жабу керек, ешкімді кіргізбеу қажет» деген пікірлер де айтылып қалып жатыр. Осыған орай өңір басшысы Ғали Есқалиев арнайы мәлімдеме жасады:

«Қазіргі жағдай тұрғындарды алаңдатып отырғанын жақсы түсінемін. Соңғы күндері коронавирустық инфекцияға шалдыққандар саны күрт өсті. Олардың 92%-ы Ресей Федерациясынан келген біздің елдің азаматтары. Өңір тұрғындарының кейбірі Ресей Федерациясымен шекараны толықтай жабу туралы сұрайды. Бірақ мына жайттарды ескерген жөн:

Біріншіден, олар біздің елдің азаматтары. Соның ішінде басым бөлігі Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Оларды қорғау – мемлекеттің ең басты мақсаты. Екіншіден, Ресей Федерациясынан келетін азаматтар шекарадан бірден карантиндік немесе провизорлық стационарға барлық санитарлық талаптар сақталып жеткізілуде. Үшіншіден, транзиттік жүк көлігінің 4 жүргізушісі бар. Олар басқа елдің азаматтары. Қазіргі уақытта Қазақстанға тауар әкелетін немесе басқа елдерге транзитпен өтетін транзиттік жүк көліктерін қоспағанда, шетелдік азаматтарға, сондай-ақ көліктің кез келген түріне кіруге тыйым салынды. Егер тауарларды әкелетін жүк көліктеріне тыйым салынса, бұл тауарлардың жетіспеуіне және бағаның өсуіне әкеліп соғады. Барлық транзиттік көлік бекітілген бір жанармай бекетінде тоқтайды. Оларға облыс территориясының басқа жерінде тоқтауға тыйым салынды. Көліктерді қала аумағынан патрульдік полиция машиналары шығарып салады» деді облыс әкімі.

Қазір Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 84 адам емделіп жатыр. Екі адам жазылып шықты.

Провизорлық стационарда - 20, карантиндік стационарда - 56, үй оқшаулауында - 1181 адам дәрігерлер бақылауында.

 

Батыс Қазақстан