Аймақтар • 23 Сәуір, 2020

Карантин кезінде ашылған ХҚО-да бірінші болып «Ақсай нан» кепіл мүлкін тіркеді

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда карантин кезінде ашылған бизнеске арналған ХҚО-да алғашқылардың бірі болып «Ақсай нан» компаниясы кепіл мүлкін тіркеді. Осылайша, мегаполисті нанмен қамтып отырған әйгілі «Ақсай нан» мекемесі  алғашқылардың бірі болып бизнеске арналған ХҚО-дан қызмет алды.

Карантин кезінде ашылған ХҚО-да бірінші болып «Ақсай нан» кепіл мүлкін тіркеді

Мекеменің Құқық бөлімінің басшысы Ғабит Құсайынов несие алу үшін барлық құжатымен келді. Алғашқы күні келіп кеңес алып кеткен заңгер, бүгін қажетті несие үшін кепілге қоятын жылжымайтын мүлікті қиындықсыз, кедергісіз, әп-сәтте тіркеді.

«Бизнес үшін барлық жұмысты бір жерден бітіруге мүмкіндік беретін ХҚО-ның ашылғанына қуанып отырмыз. Компаниямыз тұрып қалмай, әрі қарай жұмыс істеуі үшін бұл несиенің маңызы зор еді. ХҚО мамандарының көмегімен қажетті кепіл мүлкін тіркедік. Алғыстан басқа айтар жоқ» – дейді Ғабит Тәукенбайұлы.

Естеріңізге салсақ, Президент жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы қаласында шағын және орта бизнес субъектілеріне қызмет көрсету үшін Наурызбай ауданындағы ХҚО-ны ашқан болатын.

Бизнес өкілдеріне арналған ХКО жұмысымен танысқан арнайы мониторингтік топтың мүшесі, қоғам белсендісі Рафаэль Гасанов: «Карантин кезінде экономикамызға көп зиян келмес үшін, және көктемгі егіс қарсаңында кәсіпкерлеріміз уақытын жіберіп алмас үшін бизнеске арналған ХҚО-ның жұмыс істеуі үшін атсалысқан едік. Бүгіннен бастап Алматы қаласында шағын және орта бизнес өкілдеріне арналып ХҚО жұмыс істей бастады. Бүгін оның жұмысымен танысып көрдік. Талапқа сай, карантин талаптары да қарастырылған», – деп атап өтті.

Орталықта көрсетілетін негізгі қызмет түрлері – ауылшаруашылық және агробизнес саласы өкілдеріне арналған жылжымайтын/жылжымалы мүлік кепіл шартын мемлекеттік тіркеу, жылжымайтын/жылжымалы мүлік кепіл шартына қосымша келісімді мемлекеттік тіркеу қызметтері.

Заңды тұлғаларға қызмет көрсететін ХҚО дүйсенбі мен жұма аралығында  09.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақтылы көрсету мақсатында, несие беруде оң шешім алған ұйымдардың тізімі бойынша кестемен қызмет көрсетіледі. Және келушілерге міндетті түрде бетпердемен кіру талабы сақталады.

Орталық «Шұғыла» шағын ауданы, 347/1 мекенжайындағы Наурызбай аудандық фронт-офисінің ғимаратында орналасқан.