Сенатта Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы болды. Онда «Ардагерлер туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым), «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» (бірінші оқылым), «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Ардагерлер туралы» заң жобасы талқыланды. Оның міндеті Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдарға, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, еңбек ардагерлеріне, сондай-ақ заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға мемлекет ұсынатын әлеуметтік-құқықтық кепілдіктерді күшейту және әлеуметтік қолдау шараларын шоғырландыру болып табылады. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамадан айырмашылығы, заң жобасы басқа мемлекеттердің аумақтарындағы соғыс қимылдарының ардагерлеріне және еңбек ардагерлеріне де қолданылатын болады.
Депутаттар комитеттің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Ардагерлердің жаңадан енгізілетін санаттары үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы белгілеу және тиісті төлемдер белгіленген адамдарға арналған арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін ұлғайту заң жобасының міндеттері болып табылады.
Сенаторлар сонымен қатар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын да қарады. Заң жобасының негізгі міндеті салық заңнамасының ережелерін «Ардагерлер туралы» заң жобасында қолданылатын терминдермен үйлестіру болып табылады. Заң жобасында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдарға қолданылатын салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің кейбір түрлерін төлеуден босату басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлеріне де ұсынылады.
Сенатор Бақытжан Жұмағұлов құжаттармен соғыс және еңбек ардагерлерін әлеуметтік қорғау шараларының бірыңғай кешенді жүйесі жасалатынын атап өтті.
«Қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық аясын жаңа деңгейде бір жүйеге келтіретін және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыратын осындай заң аса маңызды әрі өте қажет. Қаралып отырған құжатта қолданыстағы заңнамадағы ардагерлерге берілетін барлық ережелер мен кепілдіктер жинақталған, сондай-ақ бірқатар жаңа ережелер мен тәсілдердің бекітілгені тың жаңалық болып табылады», - деп атап өтті Б.Жұмағұлов.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын одан кейін қарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ақмәди Сарбасов өз баяндамасында заң жобасының міндеті – көші-қон заңнамасын жетілдіру екенін хабарлады. Оның ішінде елімізге келетін этникалық репатрианттар мен қоныс аударушыларға қолайлы жағдайлар жасау, ел экономикасының сұраныстарына арналған сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін құру, қолайлы инвестициялық ахуал жасау, халықаралық үздік тәжірибені ескере отырып көші-қон процестерін реттеу саласындағы құқықтық базаны кеңейту және заңсыз көші-қонның жолын кесу бағыттары бар.
Сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, бұл заң жобасында бірқатар ережелер көзделіп отыр. «Этникалық репатрианттар мен қоныс аударушыларға қолайлы жағдайлар жасалады, көші-қон процестерін реттеу және заңсыз көші-қонға жол бермеу саласындағы нормативтік құқықтық база кеңейеді. Одан басқа ел экономикасының қажеттілігін қамтитын жағымды инвестициялық климат құруға бағытталған сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесі жетілдіріледі, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру үшін 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж салығын енгізу және атқарушылық іс жүргізуде берешегі бар адамдардың кетуіне шектеулер көзделген толықтырулар енгізу қағидалары белгіленген», деді М.Бақтиярұлы.
Құжат Палатаның қарауына берілді.