Сұхбат • 24 Сәуір, 2020

Уахит Шәлекенов: «Көшпенділік» тұжырымымен қоштасуымыз керек

510 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

– Уахит аға, белгілі ғалымдардың ара­сында ғасырлық мерейтойына қа­дам басқан саусақпен санарлық қарт ар­дагеріміздің бірі – өзіңіз. Бұйырса, міне, 97-көктеміңізді қарсы алып отыр­сыз. Қос ғасырдың куәгері ретінде көр­геніңіз, түйгеніңіз аз емес, өзіңіз та­рих­шы болсаңыз, бұл тараптағы әң­гіме­ңіздің түгесілмейтіні тіпті белгілі. Бү­­­гінгі ғылымның беталысы мен да­муын бір ғалымдай қадағалап оты­ратыныңызды мінберлерде жа­са­ған баяндамаңыздан, жазған мақа­ла­ла­рыңыздан білеміз. Сонда байқа­ға­ны­мыз, сыни ойыңыз басым. Әлде­кімге, әлденеге өкпелісіз бе?

Уахит Шәлекенов: «Көшпенділік» тұжырымымен қоштасуымыз керек

– Өмірде, ғылымда даңғыл жол жоқ. Соқтықпалы, соқпақсыз жолмен жү­ріп, өркен жаю – білімнің, ғылымның жолы. Ал сол ғылымымыз бен біліміміз нендей күйде? Бүгінгі ахуалы қалай? Осы ойдың мені көбірек мазалайтыны рас. Бұрынғы Ғылым академиясы таратылғаннан кейін оның атқаратын ғылыми жұмыстары қазіргі Білім және ғылым министрлігіне берілгені белгілі. Бірақ бұл министрлік білім мен ғылым жұмысын бірдей көтеріп отыр дей алмаймын. Өйткені елімізде жүргізіліп жатқан ағарту жұмысының өзі күрделі, ендеше оған қосымша ғылымды ойдағыдай дамыту оңай шаруа емес. Оның өзіндік ерекшелігі де жетеді. Сондықтан қазіргі Білім және ғылым министрлігі білім берумен көбірек айналысып, ғылымға басшылық нашарлап кеткен. Бұрынғы Ұлттық академияның қарауындағы ғы­лыми институттар бөл­шектеніп, өз бе­тінше бытыраңқылыққа ұшыраған. Инс­­титуттардың көпшілігінің аттары ғана сақталып, майда-шүйде ғы­лыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазіргі ғылыми институттар жаратылыс­тану жә­не гуманитарлық зерттеулермен үс­тірт айналысады. Ғылымның бұл екі та­рауындағы институттардың жағдайы сын көтермейді. Дегенмен жаратылыстану ғылыми институттары бірқатар өндіріс орындарымен байланысты болғандықтан, олардың жағдайы біршама тәуір сияқты. Гуманитарлық ғылым институттарының мұндай байланыстары жоқ. Олар тек мемлекеттік қаржыландыру есебінен күн көріп келеді. Ғылыми институттардағы бұрынғы материалдық-техникалық база төмен, бәрі ескіріп, тозған. Оның дәлелі, егер ғылымға бөлінген қаржы көлемі 1992 жылы ішкі жалпы өнімнің 0,68 пайы­зын құраса, ал қазір небәрі 0,16 пайыз. Өсудің орнына әлденеше есе кеміген. Бұл ғылымның дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды.

– Әңгімеңізді бірден ғылым мен бі­­­лім­нің жайынан бастап жатырсыз, қо­ғамдағы бүгінгі ең өткір тұрған мә­се­ле де осы білім жайы болып отыр. Кем­шілікті заманға сай түзетіп, бі­лім мен ғылымды жоғары деңгейге жет­кізуіміз үшін не істеу керек?

– Мен ғылым мен білімді дамытудың бірнеше жолын өзімше түзген болдым. Ең алдымен Жоғарғы білім мен ғылым министрлігі құрылуы керек деп есептеймін. Ол білім мен ғылымды дамыту үшін білікті ұйымдастырушы мекеме болуы тиіс. 2018 жылы Ресей Федерациясы өзінің ғылым академиясының болғанына қарамастан, ағарту және ғылым мен жоғарғы білім министрліктерін қайта құрды. Ғылым академиясы да бұрынғыша жұмысын жүргізуде.

Еліміздің жалпы ішкі өнімінің 3-4 пайызына дейінгі қаржы ғылымға бө­лінсін. Сонда ғалымдар жоғары дәре­жеде жалақы алып, алаңсыз зерттеу жұ­мыстарын жүргізе алады. Білім мен ғылым егіз қозы секілді, бір-бірімен ты­ғыз байланыста дамиды.

Білімге икемді жастар арасынан ғы­лымға берілген азаматтар шығып жатыр. Олар қазіргі заманның талабына сай ғы­лымды дамытатын әлеуетті топ, егемен елімізді алға сүйреуге өз үлесін қосатын негізгі күш. Сондықтан оны «Жоғарғы білім және ғылым министрлігі» деп ата­ған дұрыс. Бұл министрліктің жанында «Жоғарғы аттестаттау комиссиясы» (ВАК) болып, ғылымның әр саласы бо­йынша кандидаттық, докторлық диссертация қорғалатын ғылыми кеңестер қайта құрылып, ғалымдардың өсуіне жәрдем берілсе деген үміттемін.

Сондай-ақ елімізде ғылыми орта­лық­тардың көп болғаны жөн. Ғалым­дардың басын біріктіріп, өзекті мәселелер туралы ғылыми пікір алмасатын орталықтар керек. Ғалымдардың бір-бірімен байланысы нашарлаған. Мұндай кертартпалық ғылымның дамуына кедергі келтіреді.

Ғылым академиясының қарауындағы өлместің күнін көріп келе жатқан инс­титуттар құрылымын қайта қарап, талапқа жауап бермейтіндерін таратып, оның орнына жаңа ғылыми орталықтар ашылса, деген ойымды көптен бері айтып келемін. Себебі олардың көпшілігі бытырап кеткен, өздерінің негізгі жұмыс­тарымен айналыс­пайды. Олардың бүгінгі жағдайына жеке тоқталу мүмкін емес.

– Олай болса, бір ғана тарих ғы­лы­мына байланысты елімізде төрт бір­дей ғылыми зерттеу институты бар еке­нін еске алайық. Атап айтқанда: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және эт­нология, Ә.Марғұлан атындағы Архео­логия, Р.Сүлейменов атындағы Шы­ғыс­тану және Мемлекет тарихы институттары бар. Бір саланың меншігі үшін аз емес. Ендеше өзіңізге жақын осы ме­ке­мелердің жұмысына тоқталсаңыз, бұ­лар сіз айтқан талаптарға жауап бере ала ма?

– Осы институттардың ішіндегі ең жасы үлкені – Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты. 1946 жылы құрылған мекеме ірі тарихи ғылым орталығы ретінде жұмыс істеп, өткен ғасырдың 70-80 жылдарында қазақ және орыс тілдерінде «Қазақ КСР тарихының» 5 томдығын жазып, жарыққа шығарды. 1991 жылы осы институт ғалымдары еге­мендік алғаннан кейін «Қазақ КСР тарихын» қайта қарап, Кеңес Одағы кезіндегі еуроцентристік және ресейцентристік көзқараста жазылған тарихымызды ақтаң­дақтардан арылту үшін біршама жұмыс істеді. «Қазақ КСР тарихына» жаңа ат беріп, оны «Қазақстан тарихы» деген атпен 1991-2010 жылдары екі тілде басып шығарды. Үнді елінің қайраткері Жавахарлал Нерудің «Отарланған елдің тарихын отарлаушы жазады» деген сөзі бар. Кеңес Одағы кезінде жазылған «Қа­зақ КСР тарихының» орысшылдардың көзқарасымен жазылғаны баршаға мәлім. Өкінішке қарай, жаңадан жазылған «Қазақстан тарихы» да бұл көзқарастан толықтай арыла алмады және әлі күнге қолданылып келеді. Оқырманның басым бөлігі оның кем-кетігін білмеген күйі пайдаланып жүр. Халқымыздың шынайы тарихы әлі жазылған жоқ. Ғылымға негізделген «Қазақстан тарихын» жазу үшін тарихшыларымыз инновациялық көз­қарас танытып, тарихымызға сіңіп қалған еуроцентристік көзқарастан ары­л­­ып, антиеуроцентристік пікір ту­ды­руы қажет. Осы тарихымыздағы кем­шіліктерді түзетіп, қазақтың шынайы тарихын жазу үшін қазіргі тарихшыларымыз бірталай жұмыс істеді. 2010-2016 жылдары институт ғалымдары дайындық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бұл жұмыс 20 тараудан тұратын 10 томдық «Қазақстан тарихын» жазамыз деген айғаймен аяқталды. Ақыры көптомдық қазақ тарихы жазылмаған күйде қалды. Министрліктің Ғылым комитеті түзген бағдарламада тарихқа қатысы шамалы тапсырмалар ғана берілген. Солардың арасында «Қазақстандағы географиялық қасиетті жерлерді» зерттеу аталған. Алай­да кең байтақ жерімізді «қасиетті», «қасиетсіз» деп екіге бөлуге болмайды. Біздің Отанымызға қарайтын жердің бәрі қасиетті. Ата-бабамыз бұл жерді көзінің қарашығындай қорғап, кейінгі ұрпағына мұра етіп қалдырған.

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының өз алдына дербес шаңырақ болып ұйымдасқанына да келер жылы отыз жыл болады. Бұл институт та кем­ші­ліксіз емес. Институттың өзі екіге бө­лініп кетті: Археология институты Ал­ма­тыда, ал оның филиалы Нұр-Сұлтан қала­сында, біріне бірі бағынбайды. Азды-көпті қаражатты өзінше тауып, қазба жұмыстарын жүргізуге тырысады. 1992 жылы қабылданған «Ескерткіштерді қорғау және зерттеу туралы» заң өз күшінде жұмыс істемейді. Археологтар өз бетінше ескерткіштерді қаза береді. Ал үлкен жаңалықтар ашқан ғалымдар сирек. Ағылшын ғалымы У.Чайльд айт­қандай «Тарих ғылымына төңкерісті археология жасайтынын» ұмытпауымыз ке­рек. Мұның сыртында пайда көздеген «жабайы археологтар» да заңсыз жер қопарғанын қояр емес. Ә.Марғұлан атын­дағы Археология институтының жұ­мысын жандандыратын уақыт келді. Мұ­нымен бірге, еліміздегі археологиялық ес­керткіштерді қорғайтын және зерттейтін жаңа заң қабылдануы қажет деп білемін.

Шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ халқының рухани мәдениетін зерттейтін ірі ғылыми орталық Р.Сүлей­ме­нов атындағы Шығыстану инс­ти­ту­ты да ежелгі өркениетімізді зерт­теп, жетістіктерімізді жоққа шыға­ру­ға ұм­тылатын небір еуро және ресей­цен­трис­теріне салиқалы, салмақты соққы беру міндетін алға шығарғаны жөн.

– Еуроцентристік, ресейцентристік көзқарастан тазартпай егемен еліміздің талабына сай шынайы Қазақстан тарихын жаза аламыз ба?

– Космополитизм мен шовинизм се­кілді еуроцентризм де ғылым үшін аса қауіпті, өркендеуге зиянын тигізетінін Г.Вернадский мен Л.Гумилев те кезінде айтып, сынаған болатын. Еуроцентристік ұғым Орталық Азияны мекендеген түр­кітілді этностар, соның ішінде, қазақ хал­қының тарихына тамырын кең жайып, «ақтаңдақтармен» бұрыннан шиеленіскен тарихымызды одан әрі шатастырып жі­берді. Жарық көрген «Қазақстан тарихы» осы еуроцентризм, ресейцентризм батпағына белшесінен батқан. Одан та­рихымызды тазартып, қазіргі егемен елі­міздің талабына сай, шынайы тарихымызды жазу күн тәртібіндегі мәселе.

– Қазақ тарихын қайта қарап, обьек­тивті жазу қажеттілігі талай жылдар­дан айтылып келеді, бірақ «қа­лай жазылу керек?» дейтін де мәселе бар ғой...

– Тарихымызды жазуда ең қажетті мәселелердің бірі, тарихшылар және бар­лық ғалымдар бірлікте жұмыс істеуі тиіс. Қазір ғалымдар жекешеленіп, оқ­шауланып кеткен, бір-бірімен пікір алыс­пайды. Мұндай жағдайда сапалы еңбек жазу қиын. Сөйтіп тарихымыздағы шие­леніскен мәселелерді бірлесіп, шешу керек. Жазылған томдарды кең ауқымда талқылап, басшыға жолдап отыру қажет. Осы жолмен жемісті жұмыс істеп, ға­лымдар шынайы төл тарихымызды жазып, таяу арада ел ризашылығына бөленсе деген үмітім бар.

Кеңес Одағы кезінде бірнеше мәрте Қазақстан тарихы жазылып, оның негізі салынды. Биылғы жылдың наурыз айын­да Білім және ғылым министрлігінің өкіл­дері Алматыға келіп, ғалымдармен кездескенде, «тарихи деректерді жинауға қаражат бөлеміз» деген лебізін естіген едік. Біздіңше Қазақстан тарихын қайта жазу үшін бұрын жиналған деректер жеткілікті. Кеңес Одағы жылдарында «Қазақ КСР тарихы» мен «Қазақстан та­рихын» жазғанда қаншама деректер жиналды. Олардың арасындағы құнды деректердің көбі әртүрлі себептермен тарихымызды жазуда пайдаланылмады. Сол деректер шаң басып, өзіміздің архивтерде жатыр. Сондай құнды деректерді ой елегінен қайта өткізіп, жаңаша жазатын тарихымызға пайдалану қажет. Оған қосымша егемендіктен кейін он жыл «Мәдени мұра» бағдарламасымен көп қаражат шығарып, тағы да мол де­ректер жиналды. Осы айтылған дерек­терді пайдалана білсек, шынайы тарихымызды тезірек жазуға жәрдем береді. Ғылымның тарихи салаларын зерттейтін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Ә.Марғұлан атындағы Археология, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану жә­не Мемлекет тарихы институттарының әрқайсысы өз саласы бойынша жұмысқа қосылуы тиіс. Осы аталған әр институт мамандардан құралған редакция алқасын ұйымдастырып, жұмысқа кірісуі керек. Төл тарихымызда қайтадан жаңғыртып, егемен еліміздің талабына сай жазып шы­ғу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей басшылығы мен кө­мегіне сүйенбесе, ауқымды жобаны игеру қиынға соғады. Талай жылдардан бері айтылып келе жатса да, кейінге ысырылып қала беретін өзекті мәселені шешуді Білім және ғылым минситрлігінің өзі қолға алғаны дұрыс.

– Еуроцентризмді ман­сұқ­тай­ты­ны­ңыз өз алдына, сіздің моно­гра­фия­­­ларыңыздағы, көптеген ғылы­ми ма­қа­­лаларыңыздағы «көш­пенділер» ұғы­мына байланыс­ты ұс­танымыңыз назар аудартпай қой­май­ды. Бүкіләлемдік термин болып қа­лып­тасқан «көш­пен­ділік» атауынан сіз не үшін құты­луымыз қажет деп есеп­тейсіз?

– Шынайы «Қазақ тарихын» жазатын болсақ, көшпенділік тұжырымымен қоштасуымыз қажет. Бұл әлемге кең таралып кеткен тұжырым. Әсіресе Батыс Еуропа ғалымдары бұл көзқарасты нық қалыптастырып, Орта Азияны мекендеген түркітектес этностар шетінен көш­пен­ді болған деген тұжырымды әлем ха­лықтарының тарихына енгізді. Орталық Азия этностарын «көшпенді» деп атап, оларға «жабайы, бұзық, жатыпішер жалқау, мәдениеті төмен...» сияқты мінез­деме берген және Л.Гумилев айтқандай, «түркілерді бал арасына» теңеген. 2017 жылы жарық көрген «Ежелден түріктер отырықшы» деген кітабымда осы мәселе қаралады. Сан жағынан үлкенді-кішілі түр­кітектес этностар қазіргі кезде өз­де­рін «көшпендіміз» деп атамайтын бол­ды. Мысалы, бұрынғы өзбектердің та­рихында «көшпенді өзбектер» деген бө­лімше болатын, қазір ол елдің та­рихшы­лары мұны мүлдем алып тастап, өзбек халқының ежелден отырықшы еке­нін таңбалап келеді. Осындай «көш­пелі түріктер» тұжырымының ғылым­нан алшақ жатқанын түркітілдес ға­лым­дардың көпшілігі мойындайды. Тек кей­бір қазақ ғалымдары ғана «көш­пен­ділік» тұжырымынан айырылар емес. Жаратушы жер шарындағы пенделерін жинап алып, оларға жерді бөліп бергенде, құдайдың сүйікті перзенті түркілерге ең шұрайлы, асты да, үсті де қазына-байлыққа толы жерді бергенін ХІ ға­сырдағы ұлы ғұламамыз Махмұд Қаш­қари әпсанаға негіздеп жазғаны көп­шілікке мәлім. Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан сондай қазыналы өлке. Қазақ халқының еншісіне тиген жерде рулар мен тайпалар орналасқан, әр этникалық бөлімдер өз жерін көзінің қарашығындай қорғап, бөтен біреу түгілі, көршісінің малын да кіргізбеген. Оларда бір сүйем бос жер болмаған. Егер де осы ұстаным бұзылса, рулардың арасында жер дауы келіп шыққан. Осындай жағдайда қазақтар қалай көшіп жүруі мүмкін? Көшпелілерде отырықшы өмір, тұрақты баспаналары болмаған деген түсінік қалыптасқанымен, Орталық Азияда жүргізілген археологиялық зерттеу­лер жергілікті тұрғындардың ежелден оты­рықшы болып, тұрақты баспаналары мен қалалары болғанын дәлелдеп берді.

– Сонда көшпенді болу ұят санала ма? Сіздіңше, көшпенділікті тек урбанизация ғана жоққа шығара ма?

– Жоқ, урбанизация көп дәлелдің бірі ғана. Еуроцентристер Орта Азия тұр­ғындарының тарихын шетінен «көш­пенділер» деп қарағандықтан, урбанизация мәселесін мүлдем сөз етпеген. Міне, бұл мәселе алғаш рет кең көлемде, бай артефактілерге негізделе отырып академик Карл Байпақовтың еңбектерінде жан-жақты қарастырылды. Урбанизация Қазақстан жерінде полиолиттің (тас дәуірі) соңғы кезеңі неолитте басталғанын артефактілермен дәлелдеген. Сол кезде басталған урбанизация процесі кейінгі тарихи кезеңдерде эволюциялық жолмен дамып, үлкенді-кішілі тұрақты қоныстар, кенттер, бекіністер, ірі өндіріс және сау­да орталықтары пайда болған. Әйгілі түркітанушылардың бірі Мурад Аджи өзінің «Азиатская Европа» кітабында ежелден отырықшы өмір сүрген Орта Азия тұрғындарының өркениеттің не­гізін салып, Батысқа таратқанын айтады. Оның тұжырымын әрине, Еуропа ғалымдары мойындамайды. Бірақ бұл шындық. Алғашқы дінге, Аспан құдайына сенушілік те Орта Азиядан шыққан. Алғашқы көп құдайға сенушілік діні де Орта Азиядан таралған. Еуропада мың жыл болған, одан асқан қала да, сәулет ескерткіштерін де табу қиын. Ал Орталық Азияда 2000-2500 жылдан асқан тарихи қалалар болған. Осы уақытқа дейін жиналған бай деректер Азия мен Сібір, Солтүстік Кавказ бен Қаратеңізге дейін жайлаған түркітілдес этностардың отырықшы болғанын дәлелдейді. Кей­бір ғалымдарымыздың көшпенділер терминінен бас тартқысы келмейтініне қарамастан, мұның ойдан шығарылған әпсана екеніне дәлел жеткілікті. Қалай десек те, көпшілік оқырман, зиялы қауым, ғалымдар ежелден түріктер, соның ішінде қазақтар отырықшы болып, өркениетке ерте жеткен Орталық Азия этностары екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Бұл этностардың өркениетке жетуі оты­рықшылықтың арқасы.

– Аға, сіз мектеп партасында отыр­ған жеріңізден соғысқа алынған екенсіз, Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында со­ғыс ардагерінен естелік сұраудың орайы келіп тұрған сияқты...

– Өмірімнің айтылмаған, жазылмаған қыры баршылық. Олардың басым көп­шілігі ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық, коллективтендіру және Екін­ші дүниежүзілік соғысына байла­ныс­­ты. Олардың ішіндегі ең ауыры, анам қайтыс болып, жетімдікті көргенім есім­нен шықпайды. «Анасыз жетім – зарлы жетімнің» күйі бас­тан өтті. Ор­­та мектептің соңғы класында оқып жүр­­генімде 1942 жылы қызыл әскер қа­­та­рына шақырылдым. Наманган қала­сы­на көшіріліп әкелген Харьков Әс­ке­ри училищесінде даярлықтан өткен соң кіші лейтенант шенінде майданға жіберілдім. ІІІ Украин майданындағы 960-атқыштар полкінің құрамында Курск-Орел шайқасына қатыстым. Харьков түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, бірнеше госпитальда емделген соң әскерге шақырылған Қарақалпақ АКСР-ына оралып, мектепке алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып орналастым. 1995 жылы Қорғаныс министрінің бұйрығымен полковник әскери шені берілді. Былтыр Жеңістің 74 жылдығына орай Ресей пре­­зиденті Владимир Путин құттықтау ха­тын жолдады. Ұмытпай, еске алып, ес­кергендеріне рахмет.

– Уахит аға, сіздің отбасыңыз – мақ­тан етуге тұрарлық мерейлі отба­сы. Бір үйде бес бірдей профессор! Отба­сы­лық дәстүрдегі сиректеу кез­де­сетін жағ­дайдың бірі ғой, сырын айтып, әңгі­ме­лесеңіз, оқырманымызға да үлгі болар...

– Балалық шақтың не екенін білмедік дедім ғой, есімді білер-білместен еңбек етіп келе жатырмын. Соның салдары болар, отбасын құруға да көңіл болмай, жасым отызға келгенде 1954 жылдың ма­мыр айында Мадис Кусанқызына үйленіп, бақытты өмір жолын бастадық. Ұрпағына саналы тәрбие, өрелі тәлім беріп, оларды қатарынан кем қылмай, білімді, қабілетті азаматтар етіп қатарға қосу үшін әр ата-ана қолынан келген өнегесі мен қамқорлығын аямайды. Жұбайым Мадис Кусанқызы – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ мемлекеттік мал дәрігерлік институтында көп жылдар бойы оқытушы болды, қазір құрметті демалыста. Тұң­ғышым Болат Шәлекенов – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының проректоры, кафедра меңгерушісі. Алыс-жақын шетелдерге белгілі уролог маман. Болаттың жұбайы, келінім Бақыт Рамазанова да медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің проректоры, кафедра меңгерушісі. Екінші ұлым Мұрат өзімнің ізімді қуды, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих факультетінің Археология, этноло­гия және музейтану кафедрасының про­фессоры. Оның жұбайы Гүлшат Нұралы­қызы да педагог. Бұлардың әрқайсысы өздері таңдаған мамандық бойынша ғылыми-педагогикалық жұмысты қатар жалғастырып, жастарға заман талабына сай білім, тәлім-тәрбие беріп келе жатқан жандар. Екі ұлымнан немере-шөберелер бар: үлкен немерем Санжар Болатұлы да медицина ғылымдарының докторы. Бәрінің болашағы алда, бағасын да қадірлі халқы бере жатар. Ұрпағымның қатар құрбы-құрдастарымен бірге өсіп-өркендеп келе жатқанына қуанып, шүкір­лік етемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

   

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ