Аймақтар • 24 Сәуір, 2020

Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы 35 нысанда 3261 құрылысшы бір ауысымда жұмыс істейді. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар. Жұмыс барысында құрылыс алаңдарында барлық құрылысшыға медициналық бетперде тағып жүру міндеттелген.

Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Әр нысанда медициналық пункттер жұмыс істеп, жұмыс­шы­лардың дене қызуы өлшенеді. Сондай-ақ олар антисептикпен қам­та­масыз етілген. Жұмыс­шы­­ларға арақашықтық 2 метрден кем болмауы керектігі ескер­тіл­ген. Одан бөлек құрылыс ны­сан­да­рының аумағында COVID-19 вирусынан сақтану тәсілдері жа­зылған ескерту плакаттары ілін­ген.

Сақтық шараларына қатысты талаптардың орындалуын бақы­лап, құрылыс алаңдарындағы жұ­мыс барысымен танысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мер­ді­гер­лерге бірқатар тапсырма беріп, құрылыс қарқынының бәсең­де­ме­уін міндеттеді. Шаһардағы 15 нысанның құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға бері­леді. Бұл орайда, желілік сая­бақ, қалалық Арбатты қайта қал­пына келтіру жұмыстары қызу жүргізілуде. 11 гектар жерде орналасқан желілік саябақта аттрак­циондар, салт-дәстүрді дәріп­тейтін сәулет өнерінің туын­дылары орналасқан. Бекзат Саттарханов көшесінің бо­йын­да­ғы саябақта жұмыс кес­те­сіне сәйкес суару, дренаждық жүйелерді жүргізу, субұрқақтар орнату, сәндік су айдыны және көшеттер отырғызу жұмыстары жүр­гізілуде. Ашық аспан астында орналасқан ауқымды бақта ашық бассейн, субұрқақ салынуда. Ал қаланың рухани-мәдени орталығында орналасқан ғылыми-әмбебап кітапханасында сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ облыс әкімі Ақтөбе өңірінің тартуы ретінде салынып жатқан драма театрдың құрылысын аралады. Аталған нысан Түркістан мен Ақтөбе облыстарының бірігіп қаржыландыруымен жүзеге асуда. Төрт қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі – 9700 шаршы метр, онда 510 адамға арналған көрермен залы, арнайы автотұрақ орны болады. Қ.А.Ясауи кесенесінің айналасын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары аясында ландшафтық дизайнға ерекше назар бөлінген.

Әкімшілік-іскерлік орта­лы­ғында 7 қабатты 24 тұрғын үй­­дің құрылысы жүргізілуде. Жаңа 92,8 мың шаршы метр, 1452 пәтерлі баспаналар заманауи талап­­тарға сәйкес бой көтерген. Соны­мен қатар 5157 пәтерлі 5-7-9-12 қабатты 73 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жеке салушылар арқылы 5 және 12 қабатты 54 тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жыл қорытындысымен Түркістанда 420 пәтерлі 9 тұр­ғын үй пайдалануға беріледі. Облыс орталығындағы барлық құрылыс нысандарының сапасы қатаң бақылауға алынған. Құ­ры­лыс алаңдарын аралап, жұ­мыс­­­шы­лармен тілдескен Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға жұ­­мыс­­ты күшейтуді тапсырды. Мер­ді­гер­лерге қосымша жұ­мыс кү­шін тар­туды міндеттеді. «Құ­рылыс ба­рысында ешқандай кемшілікке орын жоқ. Талап кү­шей­тіледі. Жұ­мыс­керлер саны жұ­мысқа тұсау болмасын. Қажет болған жағ­дайда олардың санын арттыру керек. Қосымша жұмыс күшін тар­тыңдар. Қауіпсіздік ережелері дұрыс сақталып, сақтық шара­ла­ры қатаң бақылансын», деді облыс әкімі. Сондай-ақ облыс әкімі құрылыстың сапалы аяқ­тал­уы, мерзімінде тапсырыл­­уы қадағаланатынын жеткізді. Қа­зіргі төтенше жағдай кезінде қо­сым­ша қиындықтар орын алса, кезек күттірмей шешілуіне ықпал етуге уәде етті.

 

Түркістан облысы