Тазалық мәдениеті - қала тұрғындарының кемшін түсіп жатқан тұсы. Таң сәріден көше сыпырып, қоқыс терген жұмысшылар Көкшетау тұрғындарының жауапкершілігінен үмітті. Шаһардың шырайын келтіруге күш біріктіріп отырған «Көкшетау ДЭУ» серіктестігінде 92 жұмысшы адал еңбек етіп жүр. Еселене түскен жұмысқа ондаған көше жуушы көлік, тракторлар, автогрейдерлер жұмылдырылған.
–Қыс бойы қар астында қалған қоқысты тазарту – бейнетті шаруа. Биыл көктемгі сенбіліктер болған жоқ. Жылда бұл да біздің қызметімізге септігін тигізетін еді. Оның үстіне, биыл біз әкімдіктің тапсырмасымен көктемгі қарғын судың алдын алдық. Бұл міндеттерді тиісті деңгейде орындадық деп білем. Қала тұрғындары жиі алғыс айтып жатады,–дейді «Көкшетау жол-пайдалану басқармасы» серіктестігі директорының орынбасары Ғазинұр Шуматов.
Мекеме мамандары қала аумағындағы 50 шақырымнан астам жол бойын тазалауы тиіс. Қазір бұл жұмыстың басым бөлігі атқарылған.
–Бригадамда 5 адам бар. Әуелбеков пен Кенесарының қиылысынан Назарбаев даңғылына дейін жол жиегін, суағарларды, көлік тұрақтарын тазартамыз. Жаяу жүргіншілер жолын да тазартып, қоқысты жинаймыз. Қала тұрғындарына айтар өтінішіміз, қоғамдық орындарды ластамаңыздар, әсіресе, автобус билеттері бей-берекет шашылып жатыр,–дейді бригада жетекшісі Әмина Жетпісова.
Бұл бригада бір күн ішінде екі шақырым аумақты тазартуы тиіс. Ертесіне осы аумаққа қайта оралып жол жиегі мен ағаш діңдерін әктейді. Қала тазалығы баршаға ортақ міндет екендігін тұрғындар да түсінсе екен дейді жұмысшылар.