Медицина • 24 Сәуір, 2020

Қазақстандық маммолог ТМД елдеріндегі үздік жас ғалым атанды

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дәрігер-маммологы Назгүл Омарбаева онкология бойынша ТМД-дағы ең үздік жас ғалым атанды.

Қазақстандық маммолог ТМД елдеріндегі үздік жас ғалым атанды

ТМД және Еуразия елдерінің онкологтары мен радиологтарының XI съезі шеңберінде өткен жас ғалымдар байқауында Н.Омарбаеваның «Роль генетических исследований при раке молочной железы в казахской популяции: результаты секвенирование нового поколения»  ғылыми жұмысы бірінші орынға ие болды.

Аталған секцияға РФ, Өзбекстан, Қазақстан және Беларусь елдерінің 10 жас ғалымдары қатысқан. Ғылыми жұмыс Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының базасында, ҚазОжРҒЗИ басқарма төрайымы, ҰҒА академигі, профессор, м.ғ.д. Д.Р. Қайдарованың басшылығымен жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша дайындалды.

NGS негізіндегі зерттеу (жаңа буынды секвенирлеу) сүт безі обыры кезінде генетикалық мутацияларды анықтауға, скринингтік бағдарламаны жетілдіру бойынша бейімділіктің геномдық диагностикасын әзірлеуге, сүт безі обырының алдын алуға және уақтылы диагностикалауға мүмкіндік берді.

Мутация спектрлері жекелеген елдер мен этникалық топтар арасында қатты ерекшеленеді, бұл жергілікті популяцияда диагностикалық маңызы бар мутацияларды іздеу қажеттілігін негіздейді. Қазақстан Республикасында алғаш рет сүт безі обырының тұқым қуалайтын дамуымен байланысты гендердің мутациялары анықталды.

Назгүл Омарбаева Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Маммология орталығының бірінші санатты дәрігері, PhD докторанты. 2011 жылы үздік дипломмен Сеченов атындағы Мәскеу мемлекеттік медициналық университетін бітірген. Болашақ стипендиясының иегері. Мәскеудегі Н. Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталықтың интернатурасын тәмамдаған. Вашингтонда  National cancer institute және Сингапурда National institutes hospital тәжірибесінен өткен.

 

 

АЛМАТЫ