Аймақтар • 24 Сәуір, 2020

Т.Рысқұлов ауданының бірқатар ауылдарына ауыз су беріледі

408 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар болатын. Тіпті ауданның Өрнек ауылдық округіне қарасты Әбжапар ауылындағы ауыз су мәселесі де талай рет көтерілген.

Т.Рысқұлов ауданының бірқатар ауылдарына ауыз су беріледі

Ал, талай жылдан бері лай суды тұндырып ішін отырған ауыл тұрғындары ауыз су мәселесінің ең үлкен мәселе екенін кезінде айтқан еді. Талай мәрте сын садағына ілінген ауылдың ауыз су мәселесі биыл оң шешімін тапты. «Биыл аудандағы 8 елдімекенмен бірге Әбжапар ауылының халқы да таза ауыз сумен қамтылатын болады. Екі жыл бойы үздіксіз жүргізілген жұмыстың нәтижесі шықты», дейді Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов.

 Ол ауданға әкім болып келген күннен бастап-ақ бұл мәселенің өзінің назарында болғанын айтты. Бүгінде бұл мақсатқа тиісті қаражат бөлініп, Әбжапар ауылының су құбыры құрылысының жұмысы басталып кеткен. Конкурс нәтижесінде мердігер «ТаразИрригация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған ауылда ауыз су құрылысының жұмысымен айналысады. Ал, авторлық қадағалаушы «ЛидерПроект» ЖШС. Бүгінде ауыл ішінде ауыз су құрылыстарының жұмысы басталып кеткен. «Даулы мәселеге нүкте қойылды. Аса үлкен проблемаға айналған ауылдың өзекті мәселесі – таза ауыз судың әр аулаға кіруіне жетер күн де алыс емес», деген аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сала басшыларымен бірге Әбжапар ауылына барып, мердігер компанияның басшыларымен кездескенін жеткізді.

 

Жамбыл облысы