Спорт • 24 Сәуір, 2020

Олег Маскаев рингке оралады

98 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кезінде WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған 51 жастағы ресейлік кәсіпқой боксшы Олег Маскаев шаршы алаңға қайта оралуға даяр екен жария етті.

Олег Маскаев рингке оралады

Біз бұл азамат жайында бекер әңгімелеп отырған жоқпыз. Олег – Қазақстанның тумасы. Нақтылап айтсақ, Қарағанды облысындағы Абай қаласында дүниеге келді. Аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша елімізде бәсекелестік аса күшті болғандықтан тоқсаныншы жылдардың басында ол Өзбекстанның туы астында өнер көрсетуге бел буып, 1994 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Басқа да халықаралық додаларда топ жарды. Кейіннен Маскаев Ресейге қоныс аударды. Ал бұл күндері ол АҚШ-тың Калифорния штатында тұрып жатыр.

Олег Маскаев 1993-2013 жылдар аралығында кәсіпқой рингте жұдырықтасты. Сол аралықта 46 кездесу өткізген айтулы боксшы 39 рет жеңіске жетті. 28 қарсыласын нокаутқа жіберді. Соңғы рет 2013 жылдың 4 қарашасында британиялық Дэнни Уильямсты ұпай санымен ұттты. Содан кейін Олег шаршы алаңнан көрінбей кетті. 

–Қазір-ақ рингке оралауға дайынмын. Бұрынғы бабыма келу үшін екі ай ғана жаттықсам жеткілікті. Алайда жасыма қарап, менің бұл ұсынысым ешімді қызықтырмай отыр. Бірақ мен рингке оралып, әлі де өзімнің мықтылығымды мойындатамын, – дейді атақты боксшы.