Аймақтар • 24 Сәуір, 2020

Көкшетаулық шебердің көркем дүниесі

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Рүстем Шәріпов темір-терсектен бастап, ағаш, терілерді өңдеп көздің жауын алатын бұйымдар жасап шығаруда. Оның коллекциясында ұсақ кәдесыйлар, тұрмыстық бұйымдар мен батырлардың ақ сауытына дейін бар. Шебер өз туындыларының бірқатарын  облыстық музейлерге сыйға тартқан.

Көкшетаулық шебердің көркем дүниесі

Бір ғана батырлардың сауыт-сайманың жасау үшін жарты жыл уақытын жұмсапты. Қазір бұл туынды облыстық Мәлік Ғабдуллин музейінде тұр.

–Мектеп жасынан бейнелеу мен еңбек сабақтарында сурет салып, ағаштан, металлдан түрлі бұйымдар жасап үйрендім. Қорғасынды ерітіп, оны құйып бір пішінге келтіріп жүрдім. Ағаштан да көп дүние істедім. Тері илеп, торсық, саба жасадым. Университет бітірген соң зергерлік өнерге бет бұрдым. Қиын өнердің қыр-сырын қапысыз меңгеру үшін көптеген ұсталардан дәріс алдым. Әсіресе, он саусағынан өнер тамған Құрман Базилинов деген ұстадан көп үйредім. Ол кісі маған металл өңдеу жөнінде көп құнды кеңес берді. Сондай-ақ, тастың тілін түсіндірді, дейді шебер  Рүстем Шәріпов.

Қазіргі таңда Рүстем Хасенұлы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «қолданбалы сәндік өнер» пәнінен сабақ береді. Яғни, шебер құнды бұйымдарды өзі жасап қана қоймай, оны жас өрендергеде үйретіп, насихаттауда.

Ағаш пен темірден түйін түю – шебердің қолы боста айналысатын сүйікті ісі. Ал осы бұйымдарға жұмсалатын шикізатты ол Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан арнайы тапсырыспен алдыртады. Оның қолынан туған көптеген бұйымдар көне дәуірден сыр шертеді. Шебердің айтуынша, бұйымдардың басты құндылығы да – осы. Ол алдағы уақытта өзінің жеке өнер көрмесін өткізуді жоспарлап отыр.