Қоғам • 24 Сәуір, 2020

Түркістан: Созақтық шаруалар 30 тонна түйе сүтін өткізді

393 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Созақ ауданында түйе саны 11 мыңнан асты. Алдағы уақытта сүтті ойсыл қара санын 1600-ге арттырып, 4 мың тоннаға дейін сүт өндіру жоспарлануда. Ол үшін өңірде арнайы бағдарлама түзілген.

Түркістан: Созақтық шаруалар 30 тонна түйе сүтін өткізді

Аудан көлемінде «Қарағұр» өндірістік кооперативі, «Текей» шаруа қожалығы жанынан және аудан орталығы Шолаққорған ауыл округіндегі «Бағдат» шаруа қожалығы жанынан түйе сүтін қабылдайтын 3 арнайы бекет ашылған. Әр бекетке сыйымдылығы 1 тонналық қондырғы қойылды.

Қазіргі таңда «Текей» және «Бағдат» шаруа қожалығы жанындағы түйе сүтін қабылдау бекеттері жекелеген созақтық шаруаларымен бірге аптасына 2 тонна түйе сүтін өткізуде. Түйе төлдеп, сүті сауылғаннан бергі аз уақытта 30 тонна сүт Түркістан қаласындағы қайта өңдеу кәсіпорынына жеткізілген. Алдағы уақытта «Қарағұр» өндірістік кооперативі жанындағы бекет іске қосылып, түйе сүтінің өнім көлемі арта түспек.

Осындай нәтижелі жұмыстардың бастауында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің аудан басшылығына ойсыл қара басын көбейту, түйе сүтін қайта өңдеу кәсіпорынына өткізу жөніндегі тапсырмасы тұр.

Осыған орай ірілі-ұсақты түйе бағатын қожалықтарды біріктіріп, асыл тұқымды сүтті түйелерді сатып алу, сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру ісі қолға алынды. Тиісті бөлімдер мен мекемелер, ауыл кент округтерінде шаруа қожалықтарымен семинарлар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

3

 

Түркістан облысы