Аймақтар • 24 Сәуір, 2020

Түркістан: Жемқорлық жасағандардан 73 млн 862 мың теңге айыппұл өндірілген

188 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті басқармасының мәліметтері бойынша, өткен жылы Түркістан облысы аумағында сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша 82 адам күдікті деп танылған. Оның 48-і аумақтық мемлекеттік, құқық қорғау және өзге де органдардың қызметкерлеріне қатысты, 34-і жергілікті атқарушы органдардың қызметкері.

Түркістан: Жемқорлық жасағандардан 73 млн 862 мың теңге айыппұл өндірілген

Мұндай келеңсіздікке биыл жол берілмеуі тиіс. Қол астындағы қызметкер жемқорлық жасаса бірінші басшы жұмыстан кету жөнінде өтініш жазуға міндетті екені де өз ықпалын тигізері анық. Еліміздің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның онлайн режимдегі отырысында айтылды. Комиссия мүшелерінен бөлек барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары жиынға бейне-байланыс арқылы қатысты. Отырыста өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындыланып, 2020 жылға жұмыс жоспары құрылды.

«Түркістан-адалдық алаңы» жобасы аясында өңірде ауқымды шаралар іске асырылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев және осы салаға жауапты басшылар атқарылған істер, заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша баяндама жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемқорлыққа төзбейтін қоғам қалыптастыру үшін ұсынған міндеттері түсіндірілді. Отырысты қорытындылаған облыс әкімі комиссия мүшелерінің назарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысында жіберілген кемшіліктердің бірсарындылығына және азаматтық қоғам институттарымен тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз етуге аударды.

2