Келген адамның бесеуі – батысқазақстандық болса, үшеуі – Түркістан, екеуі – Қызылорда мен Жамбыл облысының тұрғындары.
Сонымен, Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқпасымен тіркелген адамдардың саны – 103-ке жетті. Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, олардың 100-і – облыстық жұқпалы аурулар ауруханада ем алуда. Сондай-ақ провизорлық стационарда – 24, карантиндік стационарда – 110 адам орналастырылған. 1386 адам үй жағдайында оқшаулануда.
– Вирустың өршуіне байланысты енді барлық жүкті әйелдерден стационарға жатқызылған кезде коронавирус жұқпасын анықтау үшін сынама алынатын болды, - деді Нұрлыбек Мұстаев.
Сонымен бірге осыдан бір апта бұрын Батыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев жариялаған күшейтілген карантиндік шаралардың мерзімі сәуірдің 28-іне дейін ұзартылды. Бұл шешім бойынша 16 сәуірден бастап Орал қаласында жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлік қозғалысы тоқтап, барлық азық-түлік базарлары жеке тұрғындарға қызмет көрсетуін тоқтатқан болатын. Қазір базардағы көтерме сауда нүктелері ғана азық-түлік дүкендеріне тауар таратып жатыр. Ал екінші деңгейлі банктер жұмысын күндізгі 16.00.-ге дейін шектеп, тек қана түрлі жәрдемақы береді.
Айта кетейік, облыс бойынша коронавирус жұқтырып тіркелген азаматтардың басым бөлігі Ресей Федерациясынан келген. Олармен қарым-қатынас арқылы вирус жұқтырып алған батыс қазақстандықтардың саны 12 болса, соның 8-і – індетпен күресіп жүрген медицина қызметкерлері екен.
Батыс Қазақстан