Аймақтар • 25 Сәуір, 2020

Түркістан: Орман шаруашылығында 3 айда 15 өрт оқиғасы тіркелді

442 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы аумағында биылғы 3 айда орман шаруашылығы жерлерінде 15 өрт оқиғасы тіркелген. Жалпы орманды дала өрті 2347,8 гектар жерді шарпыған. Нәтижесінде орман шаруашылығына 802,2 мың теңге материалдық шығын келген.

Түркістан: Орман шаруашылығында 3 айда 15 өрт оқиғасы тіркелді

Орман дала өрттерінің жиілеп кетуіне байланысты тілсіз жауға қарсы күрес және қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Бұл бағытта қала аудан әкімдеріне және мемлекеттік мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілген. «Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасарына 2020 жылдың өрт қауіпті маусымында облыс аумағында орман, дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітуге ұсынылды», деді Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбеков.

Жыл басынан бері орын алған 15 орман дала өрттерінің 12-сі «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты жерде орын алған, 1 жағдай Созақ ауданында, тағы 2 өрт  «Отырар орман және жануарлар әлемінің қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде тіркелген. Өткен жылдың 3 айында ешқандай өрт оқиғасы орын алмаған екен. Жалпы өткен жылы 5 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 63,1 гектар жер отқа оранып, орман шаруашылығына 562,2 мың теңге шығын келген.

 

 

Түркістан облысы