Руханият • 25 Сәуір, 2020

Абай әні орыс домрасы мен қырғыз қомызының сүйемелдеуінде орындалды

529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордалық еврей, қырғыз, неміс және славян этномәдени орталықтары Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау және таныту, сондай-ақ, этносаралық татулықты нығайту мақсатында ҚХА қалалық хатшылығы  бастаған  челленджді қолдады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Абай әні орыс домрасы мен қырғыз қомызының сүйемелдеуінде орындалды

Аталмыш шаралар қазақтың ұлы ойшылының 175 жылдығын тойлау аясында #Абай175, #1МАМЫР #Birlikkuni, #BizBirgemiz хэштегтері бойынша өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, өзбек этномәдени орталығының өкілдері алғаш болып челленджге қолдау білдірді. Олар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін  қазақ тілінде өзбек ұлттық музыкалық аспабы рубобтың сүйемелдеуімен орындады.

Кейін еврей, қырғыз, неміс және славян этномәдени орталықтары да челленджді қолдап, Абайдың белгілі әнін славян прима домрасының, қырғыз қомызының сүйемелдеуімен орындалды.

Домра – орыс, украин және белорус халықтарының ішекті музыкалық аспабы. Аспапты XVI-XVII ғасырларда Ресейлік өнерпаздар кеңінен қолданып, 1896 жылдан бастап қазіргі заманғы домраның көрінісін алды.

Қомыз – қырғыз халқының шерпелі музыкалық аспабы. Домбыраға ұқсас, жіңішке мойны бар. Бұл аспаптың алғашқы сипаттамаларын Сыма Цзянның (б.з.д. 201) жазбаларында кездестіруге болады.

Жыл сайын елордада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай түрлі концерттер, ауқымды акциялар мен мерекелік шаралар өтеді. Алайда биыл Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясы салдарынан карантин жарияланғандықтан, мерекелік шаралардың форматын өзгерту туралы шешім қабылданды.

Іс-шараларды онлайн режимде өткізуге ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде елордада 130-дан астам өзге ұлт өкілдері тұрады. Қалада 23 этномәдени бірлестік, 12 жексенбілік мектеп жұмыс істейді және олардың саны жыл сайын артуда. ҚХА қалалық хатшылығы елорда тұрғындарын акцияға белсенді қатысып, әр халықтың музыкалық аспаптарын біліп, тарихымен танысуға және Абайдың әнін бірлесе орындауға шақырады.