Аймақтар • 26 Сәуір, 2020

Батыс Қазақстанда тағы 4 адам жазылды

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырған адамдардың саны 26 сәуір таңертең 116-ға жетті. Соңғы тәулікте анықталған 13 адамның бәрі де – Ресей Федерациясынан келген жұмысшылар.

Батыс Қазақстанда тағы 4 адам жазылды

Коронавирус инфекциясы табылған адамдардың барлығы да Ресей Федерациясында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтары. Олардың 6-уы – Батыс Қазақстан облысының, 5-і – Алматы облысының, 2-і – Түркістан және Қарағанды облыстарының тұрғындары. Бұлардың кейбірі Мәскеу қаласынан келген, Саратов облысында жеке құрылыспен айналысып, елге оралғандары да бар. Олар шекара бекетінен өткен соң Тасқала ауданындағы карантиндік орталықта болды. Сол жерде тиісті диагностикалық зерттеулер жүргізілген соң 13 азамат та облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, - деді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Ермекұлы.

Бұл азаматтардың жасы 19 бен 49 аралығында.

Бүгінгі жақсы жаңалық – осы кезге дейін коронавирустан жазылып шыққан 2 адамның қатарына тағы 4 адам қосылды. Олар екі мәрте тест нәтижесінен кейін жазылғаны анықталып, үйлеріне жіберілген.

Дәл қазір Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында – 110 адам, провизорлық стационарда – 25, карантиндік стационарда – 89, ал үй карантинінде – 1450 адам оқшауланды.

- Мамандарымыз қазір күні-түні жұмыс істеп, қатерлі дертпен күресіп жатыр. Бұл тек облыс тұрғындарын емес, бүкіл Қазақстан халқын аман сақтау, індетті одан әрі таратпау үшін жасалып отырғанын түсінсеңіздер екен. Жеке бас гигиенасын, карантин талаптарын сақтауды сұраймыз, - деді Нұрлыбек Мұстаев қоштасарда.

 

Батыс Қазақстан