Қоғам • 26 Сәуір, 2020

Дұға қалай қабыл болады?

2266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықтың болашағы кейінгі жастарының тәрбиесіне байланысты. Ақыл-есі дұрыс жұрт ұрпақ тәрбиесіне қатты мән береді. Ұрпақ тәрбиесі дегеніміз – мемлекеттің ұстыны, яғни тұғыры.

Дұға қалай қабыл болады?

Қазақта мақал бар: «Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген. Балаңыз да солай. Жасында қандай тәрбие бересіз, өскенде соның жемісін жейсіз. Ислам шариғаты бойынша: өзі жат қылыққа үйір адам, баласына сол жат қылықты істеме деп айта алмайды. Себебі, ол – жалғаншыл, өтірікші пенде санатында. Мысалы, өзі арақ ішіп тұрып, баласына арақ ішпе, деп айтқан адамның сөзі өтпейді.

Осы орайда, ойға түседі: Әбу Ханифа атамыздың заманында, бір әйел келіп, мазхаб атасына (Әбу Ханифаға): «Ұстаз, мына балам балды көп жейді, содан болып ісініп кетеді, дұға оқып, дем салып беріңізші» дейді. Ғұлама ұстаз: «Бұл қолдан келетін іс, бірақ 40 күннен соң баланы алып кел» деп әйелді қайтарады.

Қырық күн өткен соң әйел баласын алып келеді. Әбу Ханифа ұстаз оның басынан сипап тұрып: «Бал жеме, жарай ма?» дейді. Бар болғаны сол. Сол сәттен бастап бала бал жемейді. Әйел ойлайды, баламның басынан сипады да дем салды, осы бір сәт үшін неге 40 күн күттірді екен?!

Бір күні осы күдігін ұстаздан сұрайды: «Бір сәтте дем салдыңыз, неге 40 күн күттірдіңіз?». Ұстаз айтыпты: «Өзім де балды жақсы көруші едім, сол себепті өзім де 40 күн бал жемей тиылып алып, балаға дем салдым. Әйтпегенде, өзім бал жеп жүріп, балаға «бал жеме» деп дұға етсем, қабыл болмас еді» депті.

Міне, ағайын! Өзің ішімдік пайдалансаң, жалғандыққа бейім болсаң... содан кейін, балам ақылымды алмайды, айтқан сөзіме көнбейді деп қалай айтасың?!