Экономика • 27 Сәуір, 2020

Жеңіл өнеркәсіптің жүгі неге ауыр?

469 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында өнімін экспортқа шығаратын компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыру қажеттігін атап көрсетіп, Үкіметке мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде кешенді шаралар әзірлеуді, оның ішінде салықтық, қаржылық, әкімшілік ынталандыру мәселелері көзделуін, шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыруды тапсырды. Осыған орай, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары аясында әрбір сала мен өңір үшін нақты мақсатты көрсеткіштер белгіленді.

Жеңіл өнеркәсіптің жүгі неге ауыр?

Бәсекеге қабілетті отандық өнім өн­ді­ріп, сыртқы нарық көкжиегін кеңей­ту­ге басымдық беріліп отырған аса жа­уап­ты кезеңде жеңіл өнеркәсіптің орны бөлек. Өркениетті елдерде бұл сала та­уар­­ларына сұраныс азық-түлік өнім­де­рінен кейін екінші орында тұрғанын ескерсек, мән-маңызы тіпті арта түседі. Жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Гер­мания, Қытай, Түркия секілді мем­ле­­кеттерде ІЖӨ-нің 15-22 пайызын құ­ра­са, өкінішке қарай Қазақстанда 1,2-1,5 пайызға ғана жетеғабыл. Қолдағы мә­лі­мет­терге сүйенсек, өңірлердегі ах­уал да көңіл көншітпейді. Олай болса, жеңіл өнер­кәсіптің жүгі неге «ауырлап» кеткенін талдау таразысына салып көрейік.

 

Сапасы да, бағасы да қолжетімді

 Өңір өндірісіндегі жеңіл өнеркәсіптің рөлі маңызды деуге әлі ерте. Әрине әр жер­ден арагідік бой көтеріп, өз ісін дөң­гелетіп жүрген бизнесмендер жоқ емес, бар. Алайда ерекше серпіліс байқала қоймайды. Бәлкім, мемлекет тарапынан қолдау-қоштау кем шығар дегенбіз. Бірақ Виктор Петросян жетекшілік ететін «Тиг­ран» жеке кәсіпкерлігі аяқ-киім тігуді жолға қойып отыр. Өңірге тәжірибе алма­суға келген италиялықтар ескі станок­тар­мен жаңа үлгідегі жайлы аяқ киім тік­кеніне таңғалған. «Бизнестің жол кар­та­сы – 2020» бағдарламасы бо­йынша же­ңілдікті несиелер рәсімдеп, ғимарат сатып алған, өндірісті кеңейткен. Сөйтіп ерлер мен әйелдерге арналған аяқ-киім түрлерін жүзге дейін жеткізген. Сапасы жақсы, бағасы қолжетімді, сұраныс жоға­ры. Цехта осы заманғы құрал-жабдықтар орна­тылған. Жеке тапсырыстар да қабыл­да­нады. 11 адамды жұмыспен қамтып отыр. Фабриканың өнімдері сауда орындарына «Tigran» маркасымен шығарылады.

Жеке кәсіпкер Сергей Сокирко өткен ғасырдың 90-жылдары алғашқылардың қатарында тігін цехын ашып, соның негі­зінде бірнеше филиал құрған. «Sens Fashion» компаниясы бой көтеріп, 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Оқушылар формасын тігумен шұғылданатын 19 кәсіп­кер­лік ұйымды қауымдастыққа біріктіріп, жаңа сән үлгілерін өндіріске енгізді. Бүгін­де облыс бойынша 35 мыңнан астам баланы бастан-аяқ киіндіреді. Әр мектепке форманың бірнеше үлгісі ұсынылады. 275 мекемемен тұрақты әріптестік байланыс орнатылған. Аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балаларға – 40, жетім балаларға 100 пайыз жеңілдік жасалады.

Тәжірибелі басшы Үкіметтің қар­жы­лық қолдауына риза. Мемлекеттік бағ­дар­ламалар арқылы өндіріс құрылғылары жаңартылған. Ол кадр жетіспеушілігі сала­ның орнықты жұмыс істеуіне бөгет жасап отырған мәселенің бірі екенін айтты.

– Кәсіби мамандарға зәруміз. Тігін­ші­лер­дің біразы зейнет жасына жетіп қалды. Соңғы 3 жылда арнайы мамандығы бар 2 адамды ғана қабылдадық. Жастар келгісі келмейді. Ұжым қатарын білікті кәсіп ие­ле­рімен толықтыру жайы бізді ғана емес, мүдделі органдарды да ойландыруы тиіс. Бір амалын қарастырмай болмайды, – дейді С.Сокирко.

 

Барымызды бағалай білсек

 Жеңіл өнеркәсіп саласының ардагері, «Қазақстанда жасалған» сапалы таур­лар брендінің қалыптасуына сүбелі үлес қос­қан Александр Белоконенкомен әңгі­ме­лескенімізде, ол халықтың әлеуетін көте­руде жеңіл өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеу­сіз екеніне тоқталды. Бұл сала әлемде жетекші орын алады. Оған өнеркәсіп өндірісінің 5,7 пайызы тиесілі. Соңғы 10 жыл ішінде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін пайдалану көлемі  Еуропа одағында – 90,5, АҚШ-та – 99,3, ал Жапонияда 220 пайызға артты. Сол сияқты бірқатар дамушы мемлекеттерде ұлттық экономиканы қарыштап дамытудың басым бағыты саналады.

– Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп респуб­лика бюджетінің төрттен бірін құра­ға­нын жақсы білеміз. Қаржы дағдарысы ке­зеңінде барымыздан айырылып қал­дық. Содан бері оңала алмай келеді. Ке­зін­де атағы Мәскеуге дейін тараған Петропавлдағы «Комсомолка» тігін фабрикасын кім білмейді?! Оның қабырғасынан Социалистік Еңбек Ері Сәруар Байсарина сияқты өндіріс озаты шыққан. Жеңіл өнер­кәсіп саласына жаңа тыныс беру мақ­са­тын­да үдемелі индустрияландырудың мем­лекеттік бағдарламалары қабылданып, дамудың негізгі секторларының бірі ре­тін­де айқындалғанымен, көрсеткіштер әлі де төмен. Оның бір ұшығы еңбектің ауырлығы мен жалақының төмендігіне, сондай-ақ шикізаттың мол қорын және еңбек ресурстарын тиімді пайдалана алмай отырғанымызға келіп тіреледі. Осы себептерге байланысты отандық тоқыма және тігін өнеркәсібі ішкі нарық сұранысының – 8, тұтынылатын аяқ-киімнің 1,2 пайызын ғана өтеп отыр. Демек, жұртшылық тұтынатын тауарлардың 90 пайызы импорт, әлі сырттан тасылады деген сөз, – дейді еңбек ардагері.

Облыста одақтық мәртебеге ие екі тігін фаб­рикасы, аудан орталықтарында бес тігін цехы жабылып, жұмыскерлер 5 мың­нан 500-ге дейін қысқартуға ұшы­ра­ған.

Салаға инвестициялық, инновациялық қолдау қалай болып жатыр деген сауал­ға қысқаша жауап алмақ болып об­лыс­тық индустриалық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Ораз­ғұ­лов­қа арнайы жолыққан едік. Басқарма маман­дары әзірлеп берген бес беттік анық­тама қолымызға жедел тигенімен, жеңіл өнеркәсіп сияқты соқталы сала ұмыт қалыпты. Өнеркәсіп бөлімінің жетекшісі Гүлжазира Рамазанова өткен жылдың көр­сет­­кіштері әлі қорытындыланбағанын алға тартты. Біз шығарыпсалма жауапты емес, жеңіл өнеркәсіп саласының бүгінгі ахуалы мен олқылықтарды еңсерудің сал­мақ­ты сараптамасын күткен едік.

 

Кәсіпкерлердің тілегі

Жоғарыда айтқан «Тигран» басшысы Виктор Петросян жеңіл өнеркәсіп алдында тұрған бірқатар өткір мәселені атады. Бәсекелестіктің күштілігінен шағын кәсіп­керлікпен айналысатындар үшін оған төтеп беру күрделеніп бара жатқан көрі­не­ді. Өткен жылдарға қарағанда өндіріс көлемі біршама азайыпты. Әсіресе да­йын өнімдерді өткізу қиындап кеткен. Оның пікірінше, тығырықтан шығудың бір амалы – өндіріс ауқымын арттырып, қосымша нарық көздерін табу. Нұр-Сұлтан, Қарағанды өңірлерімен тіке байланысты орнатудың мүмкіндіктері қолға алыныпты. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау ұйымынан тағы да несие рәсімдемек ойы бар. Кә­сіп­кер ең негізгісі отандық шикізаттың тап­шы­лығына тиісті ведомостволар назар аударса дейді. Сапалы былғары Ресейден әкелі­нетіндіктен, өнімнің өзіндің құнына әсер етпей тұрмайды. Кадр мәселесі өзекті, кәсіптік білім беру мекемелерінің ма­м­ан­­дыққа баулу бағдарламасы сын кө­тер­­мейді. Кәсіпкердің қазіргі жай-күйі нарық айдынында қалт-құлт еткен қайық­шы­ға көбірек ұқсайды. Қоштасарда сала кәсіпорындары аяқтарынан тік тұрып кеткенше жеңілдіктер жасалса, субсидия берілсе, шетелдерден келетін тауарларға тосқауыл қойылса деген өтінішін жеткізді.

С.Сокирко алдымызға бір бума қағазды жайып салды. Облыстық білім бас­қар­ма­сына, аймақтық «Даму» кәсіпкерлікті қолдау бөлімшесіне жолдаған хаттарда бір­қатар проблемалар тізбеленіпті. Соның бірі Үкіметтің аз қамтылған отбасылардың балаларын бюджет қаражаты есебінен мектеп формасымен қамтамасыз етуге қатысты қа­былдаған бағдарламасына қатысты алаң­даушылық білдіруі. Құжат биылдан бас­тап қолданысқа енбек. С.Сокирконы оқу­шының денсаулығы бірінші кезекте алаңдатады. Бюджеттік қаржыландыруды сылтау еткен делдалдар бағасы қымбат, сапасы төмен, қауіпсіздік сертификаттары жоқ кездейсоқ тауарларды тасымалдамасына кім кепіл? Онсыз да мектеп формасына денсаулыққа зиян келтіретін синтетикалық маталар аз қолданылмайды. Отандық тауарлар кеміп, керісінше Қытай, Түркия, Қырғызстаннан тапсырыс арқылы дайын формалар көшкіні ағылса, санитарлық-гигиеналық нормативтер, техникалық регламенттер мен стандарттар бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындар бәсекелестік қабілетінен айырылып, тақырға отыруы ғажап емес. Сондықтан шекарадан тоқтау­сыз әкелінетін оқушылардың мектеп фор­ма­ларына тыйым салу, стратегиялық санат­қа жатқызу, мониторинг жүргізу, бірыңғай ақпа­раттық портал құру секілді нақты шара­лардың қарастырылуы керек-ақ.

А.Белоконенконың ұсыныстары да ой саларлық. Екі қазақстандықтың бірі Қытайдың не жылуы, не сапасы жоқ киімдерін сатып алады. Одан арылудың жолы – еліміздің шикізаттық мол әуелетін пайдалану, игеру. Жасыратыны жоқ, тері дайындау, жүн өңдеу салалары әлі тұралап тұр. Мамандар бір сиыр терісінен 15-20 аяқ киім тігуге болатынын есептеп шығарған. Ауылдықтар оны кәдеге жаратудың орнына арзанға өткізеді, болмаса күресінге лақтыра салады. Облыста жылына шамамен 20-25 мыңдай бас ірі қара малы сойылады. Бардың бабын таппай, ұқсата алмай отырған өзіміз. Бір сөзбен айтқанда, жүн, тері өңдеу өндірісі кенжелеп қалған. Жыл сайын елімізде 40 мың тоннадан астам жүннің 30 пайыздайы, оның ішінде 17 па­йызы жуылмаған күйінде экспортталады.

«Matex» серіктестігі тәулігіне әйелдер мен ерлердің 4-5 мың жұп шұлығын да­йындайды. Фабриканың жылдық өндірістік қуаты 450 тоннаға тең. Шұлық өндірісі облыста алғаш рет қолға алынғандықтан тәжі­рибе аздау болғанымен, нарықтағы орнын табуға деген ұмтылысы сүйсінтеді. Десек те, шикізаттың Түркия мен Өзбек­стан­нан әкелінуі, кей кездерде кешіктірілуі – үлкен іске қолбайлау. Соған қарамастан пластиктен жасалатын қытайлық өнімдерге қарағанда сапалы, бағасы да қолжетімді. Бұл кәсіпорын да өзгелер секілді маман жұмысшыларға зәру. Аймақта кәсіби кадр­лар даярлау орталықтары болмағандықтан, сырттан іздеуге, әкелуге тура келеді. Орта буын техникалық жұмыскерлер де тапшы.

Өңірде қазіргі заман талабымен үндес жеңіл өнеркәсіп өндірісін дамытудың ішкі, сыртқы мүмкіндіктері жеткілікті екеніне көз жеткізгендей болдық. Түйінді мәселелердің негізгілері шикізат жетімсіздігі мен кадр тапшылығы болып отыр.