Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ
Президенттік институттың қалыптасуы мен жұмыс істеуін талқылау, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін талдауды мақсат еткен конференция Тұңғыш Президент – Елбасы қоры, Конституциялық Кеңес, Сорбонна-Қазақстан институты, Абай атындағы ҚазҰПУ, Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен өтті.
Ғылыми-практикалық конференцияға Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков, Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми, Әділет министрі Марат Бекетаев, Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, ЕҚЫҰ Бағдарламалық кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо, Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының прездиенті Джанни Букиккио, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Заңгерлік және салыстырмалы құқықтану институтының директоры, РФ РҒА президенті, РФ РҒА Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясының мүшесі Талия Хабриева қатысты. Сонымен қатар онлайн конференция тыңдаушыларының қатарында Қазақстан және шетелдік ғалымдар, тарихшылар, саясаттанушылар, құқықтанушылар, ЖОО мен колледж басшылары, магистранттар, докторанттар, мектеп мұғалімдері, БАҚ өкілдері де
болды.
Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев өзінің құттықтау сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның дамуындағы басты рөлін атап өтті. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті реформаларының негізгі өзегі Қазақстан Республикасының үдемелі дамуындағы жан-жақты ойластырылған стратегияға әрі көреген саясатқа негізделген. Оны сәтті жүзеге асыру халықаралық қоғамдастықта өзінің лайықты орны бар саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз, дербес, егеменді мемлекет құруға мүмкіндік берді», деді ол.
Конференцияға қатысушылар Қазақстанның президенттік басқару формасының қалыптасуы және даму жылдарында мемлекеттегі демократияның табысты құрылуын, елде жаңа саяси жүйенің қабылдануын, мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылын, тұрақтылығы мен тиімділігін күшейтуді қамтамасыз етудегі ерен еңбегін сөз етті.
Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми: «Қазіргі қолданыстағы Конституцияға сәйкес, тежемелер мен теңестірмелер жүйесiн пайдалана отырып, заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлу қағидасы бар биліктің біртұтастығына негізделген түбегейлі жаңа президенттік басқару формасы құрылды. Мемлекеттік басқару тетігі қуатты әрі тұрақты бола түсті», деді өз сөзінде.
Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының төрағасы Джанни Букиккио тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда билік институттарының нақты жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан жүйесі президенттік, атқарушы және заң шығарушы билік деген тармақтарға негізделді. Демократияны көксеген кез келген ел үшін билік бөлінісін жүргізу оңай емес. Ал Қазақстан бұл еңбектің сәтті мысалы бола алады. Венеция комиссиясы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Қазақстанмен жұмыс істеуге дайын», деп түйіндеді Дж. Букиккио.
Америкалық саясаттанушы әрі журналист, қауіпсіздік пен энергетика саласындағы халықаралық қатынастар маманы Ариэл Коэн «Қазақстандағы президенттік билік – елдегі барлық жетістіктің негізі» деген тұжырым жасады. «Қазақстанда президенттік биліктің орнауы – елдің қарыштап даму жолындағы маңызды қадам. Бұған мемлекеттің саяси, экономикалық, мемлекеттік жаңғырудағы жетістіктері дәлел. Президенттік билікті жүзеге асыру, Елбасының мемлекеттің саяси бағытын пайымдау – барлық жетістіктің, оның ішінде адами капиталды дамыту мен елге инвестиция тартудың түп негізі», деді ол.
Баяндамашылар Тұңғыш Президенттің экономиканың дамуы үшін құқықтық база мен жағдай жасауға, шетелдермен достық қарым-қатынас орнатуға бағытталған қызметінің маңыздылығын, ұлтаралық келісім мен бейбітшілік орнаған мемлекетті қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Конференция спикерлері президенттік институтты жүзеге асыру – республикадағы қазіргі және болашақтағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер үшін берік іргетас болды деген ортақ пікірге келді.
* * *
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Еуразиялық интеграция – Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи бастамасы» тақырыбында телекөпір өтті.
Онлайн режімдегі телекөпірге Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары, зерттеушілері және сарапшылар қауымы қатысты. Жиынды ЕҰУ ректоры, академик Ерлан Сыдықов ашып, келер ұрпақ Н.Назарбаевтың рөлін терең ұғынып, зерделейтініне тоқталды.
«Еуразиялық интеграция идеясы алғаш рет осыдан 26 жыл бұрын көтерілгені белгілі. Сол уақыттан бері ол өзектілігін жойған емес. Тіпті оның түпкі мәніне деген қызығушылық артып келе жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мемлекетіміздің Тұңғыш Президентімен тікелей байланысты екендігі сөзсіз», деді университет ректоры.
Е.Сыдықовтың айтуынша, барлық жаһандық және өңірлік дағдарысқа қарамастан Елбасы бүгінде өзінің тарихи миссиясын сәтті орындап, Қазақстанның бірлігін, тұрақтылығын және дамуын қамтамасыз етіп отыр.
«Келер ұрпаққа Нұрсұлтан Назарбаевтың Елбасы ретіндегі рөлін зерделеп, ұғына түсуге тура келеді. Елбасының реформаторлық қызметін тарихи тұрғыда бағалау қажет», деді Е.Сыдықов.
Сонымен қатар бүгінде барша әлем жаһандық ауқымдағы проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды. «Ынтымақтастықтың бірлескен қадамы ғана жаһандық апаттарға қарсы тұрудың, жоғары дамыған зияткерлік қоғамға жетудің жолы екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр», деді ол.
Бұдан кейін сөз алған М.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының директоры, экономика ғылымдарының докторы Александр Сидорович Еуразиялық ынтымақтастық Елбасының өмірлік идеясы екенін жеткізді.
«Нұрсұлтан Әбішұлы үшін Еуразиялық интеграция идеясы – өмірлік ішкі идеясы. Елбасының Еуразия университеттері қауымдастығының съезінде сөйлеген сөзіне куә болдық. Дәл сол оқиға барысында Нұрсұлтан Әбішұлы 10 минут бойы залда тік тұрып, еуразиялық бірлікке қатысты ең қазыналы ойларымен бөліскен еді. Залда достастықтың барлық елінен келген 100 ректор отырды», деп еске алды А.Сидорович.
Аталған жиынның маңызына тоқталған А.Сидорович сол кездесу белгіленген уақыттан да ұзаққа созылғанын, қатысушылар Елбасының идеясын ыстық ықыласпен қабылдағанын жеткізді.
«Сұрақтар талқыланған сәтте бұл кездесу 30 минуттың ішінде аяқталады деп болжанған еді. Алайда Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да жарты сағат сөйлеп, бұл ынтымақтастықтың дамитынына нық сенімді екенін жан-жақты түсіндіріп берді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті еуразиялық ынтымақтастық идеясына жан-тәнімен берілген. Бұл идеяның артында ауқымы үлкен процестер, ауқымды ойлар мен жаңа дүниетаным жатыр», деді ол.
Сондай-ақ телекөпір барысында ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков, Ресей саясаткерлері ұйымының атқарушы директоры Игорь Кузнецов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер орталығының бас ғылыми маманы Вячеслав Додонов, Еуразиялық интеграция институтының коммуникативті іс-шаралар орталығының басшысы Арман Ешмұратов, осы институттың ғылыми зерттеулер мен сараптау орталығының басшысы Қазыбек Майгелдинов және басқа да сарапшылар сөз сөйледі.
Еуразия ұлттық университеті мен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы бірлесіп ұйымдастырған телекөпір барысында Еуразиялық интеграцияның тұжырымдамалық мәселелері, одақ мемлекеттерінің білімі мен экономикалық өсімі арасындағы өзара байланыс, ғылым мен заманауи инновациялық технологияларды дамыту, еуразиялық экономика және мәдени ынтымақтастық векторлары талқыланды.
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»