Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Қабылданбаған өтінімдер қайта қаралады

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов облыс тұрғындары үшін 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемнің төңірегіндегі кейбір түсініксіз жайттарға қатысты сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Қабылданбаған өтінімдер қайта қаралады

– Төтенше жағдай кезінде табысы­нан айырылған міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесінің қатысу­шыларына 42 500 теңге көлемінде төлем­дер тағайындау бүгінде ең өзекті мәселе­нің бірі болып отыр. Көптеген сұрақ алдымыздан шығып жатыр. Сәуірдің 24-іне дейінгі мәліметтерге сай Қара­ғанды облысы тұрғындарынан 475 587 өтініш келіп түскен. Бұл аз емес. Айта кететін жайт, өтініштердің ішінде 202 842 құжат түрлі себептерге байланысты қабылданбады. Ал 244 541 тұрғынға төлем тағайындалды, – деді Абзал Нү­кенов.

Жалпы, әлеуметтік төлемдер алты санат бойынша тағайындалып жатыр. Бірақ мемлекеттік қызметшілер бұл тізімге енбеген. Осы ретте облыс әкімінің орынба­сары көмектің тек төтенше жағдай режіміне байланысты жұмысынан айы­рылған және табысынан қағылған аза­маттарға ғана көрсетілетінін атап өтті.

Брифингте Абзал Нүкенов өтініштері қабылданбағандарға, яғни 42500 теңге төлемге қол жеткізе алма­ған­дарға мынадай мәлімдеме жасады.

– Кейбіреулер өзінің өтінімі негізсіз қа­былданбады деп санайды. Біреулердің өті­ніші екі жерде жұмыс істегеніне бай­ланыс­ты қабылданған жоқ. Барлық туын­даған мәселе бойынша талдау жүр­гізіп, зерттеп жатырмыз. Күн сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен хабарласып, кеңесіп отырмыз. Еліміздің вице-премьері Ера­лы Тоғжанов барлық қабыл­данбаған өті­нім­дер бойынша қайта тек­серу жүргізу керек­тігін тапсырды. Яғни негізсіз таға­йын­далмаған төлемдер бо­йынша тиісті ше­шім қабылданатын болады. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде, – деді Абзал Нүкенов.

Брифингтің соңына таман облыс әкі­мінің орынбасары қателікпен тағайын­далып кеткен әлеуметтік төлемді өз ерік­терімен қайтарып берген азамат­тарға алғыс сезімін жеткізді.

– Бұл – азаматтық жауапкершілік. Адам­­­дар­дың осы қаражаттың басқа біреу­­лерге әл­деқайда қажет екенін түсін­ген азамат­тық­тарына дән риза боласың, – деп атап өтті ол.

Әлеуметтік төлем мәселелері бо­йын­ша өңірдің жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар бө­лімдеріне телефон арқылы немесе электронды пош­та арқылы хабарласуға болды.

 

ҚАРАҒАНДЫ