Әлем • 27 Сәуір, 2020

Алматыдағы ХҚО-да «туған» егіздер Ыстамбұлдан сәлем жолдады

1125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан үш жыл бұрын қаламызда қызық бір оқиға болған еді. Алматылық Әлия босануға дейінгі құжаттарды рәсімдеу үшін Азаматтарға арналған үкіметтің Медеу ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына келеді. Бірақ талон алмай жатып, оның толғағы басталып кетеді. Орталық мамандары дереу жедел жәрдем шақырып, клиент бөлім басшысының кабинетінде толғатып жатады.

Алматыдағы ХҚО-да «туған» егіздер Ыстамбұлдан сәлем жолдады

ХҚО қызметкерлері Әлияның жанында болып, барынша дем береді. Жедел жердем келген бетте ол перинаталдық орталыққа жеткізіліп, екі қызды дүниеге әкеледі. Осылайша ата-анасымен бірге, тұңғыш ұлдары Әли бір күнде қос қарындасты, ХҚО қызметкерлері «екі қызды» болып қуанған еді.

Әлия босанып, перзентханадан шығатын күні «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы филиалының қызметкерлері егіздің дүниеге келуімен құттықтап, олардың үлкен отбасыларына денсаулық пен амандық тілеген. Сол кезде филиал қызметкерлері «бұл егіздер біздің де қыздарымыз болсын» деп келіскен.

Осылайша қасиетті Рамазан айында Ыстамбұлдан сәлем жолдап отырған – «ХҚО-ның қыздары» атанған Эсма мен Элиф екен. 

Егіздердің анасы Әлия Алтуняй карантин кезінде алаңдап, әрі ХҚО қызметкерлеріне қолдау білдірейін деп шешіпті. «Сіздерге Алла риза болсын! Алғысымыз шексіз! Біз сіздерді жақсы көреміз! Біз сіздермен біргеміз!» делінген хабарламада. Және осы сөздермен қолдан салынған балалар суретін жолдапты.

«Мен егіздерге «Сендер ХҚО-ның» қыздарысыңдар. ХҚО мамандарының дер кезінде жедел жәрдем шақырып, мені перзентханаға уақытында жеткізбегенде, сендер туылар ма едіңдер, туылмас па едіңдер деп қоямын. Түсінсе де, түсінбесе де күліп қояды...», – дейді Әлия Алтуняй.

Егіздерге ата-анасы Эсма мен Элиф деп ат берген.  Яғни, түрік тілінен аударғанда – «жомарт» және «сабырлы» деп аударылады.

Содан бері ХҚО-ның қызметкерлері «қыздарының» жағдайын сұрап, егіздердің анасы Әлиямен хабарласып тұрады... Әлия да ризашылық сезіммен үнемі байланысын үзбеген.

«Эсма пен Элиф өсіп келеді. Қазір екі жарым жаста, көп нәрсені түсінеді. Өте белсенді, тіпті тым белсенді десем болады. Бір орнында отырмайды, бәрін білуге, көруге құштар. Қазір соңғы тістері шығып келеді, соған аздап мазасызданатындары болмаса, өте көңілді балалар», – дейді анасы. 

 

 

АЛМАТЫ