Қазақстан • 27 Сәуір, 2020

Кепілдеме Демеудің несие алуына демеу болды

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде кәсіпкерлік секторды қолдауға бағытталған бірқатар міндеттер белгіленген. Президент салықтық жеңілдіктер, несиелер бойынша төлемдерді кейінге шегеру, тексерулерге тыйым салу мәселелелрімен қатар, сапалы жұмыспен қамту, агроөнеркәсіптік кешенді үздіксіз қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру қажеттілігін ерекше атап өтті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Кепілдеме Демеудің несие алуына демеу болды

Шағын және орта бизнестің өзекті мәселелерін шешу ерекше назар аударуды талап етеді. Мысалы, ауылдағы азаматтардың жеңілдетілген несие алатын кезде кепілдікке қоятын мүлкі жетпей жататын жағдайлар кездеседі. Оның да шешімі бар. Мысалы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорында «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларды қолдауға арналған кепілдеме беру құралы бар. Соны пайдалануға болады.

Қор 2019-жылдың қыркүйек айынан бері ауылдардағы, шағын қалалардағы өзінің жеке бизнесін ашқысы келетін немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлердің несиелерін кепілдендіру жұмысын атқарып келеді. Қор кәсіпкерлер үшін «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие беретін микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестіктері алдында кепіл болады.

Нақты айтқанда, осы несие серіктестерінен немесе микроқаржы ұйымдарынан несие рәсімдейтін азаматтардың несиесі кепілдендіріледі. Мысалы, кәсібін жаңа бастағандардың алатын несиенің 85%-не дейін, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге алған несиенің 50%-не дейін  кепілдендіреді. Ал, көп балалы отбасылар мен аз қамтылған отбасылар алатын несиенің 95 %-не дейін кепілдеме беріледі. Бұл шағын қалалар мен шалғай ауылдардағы азаматтар үшін үлкен көмек.

Мәселен, Алматы облысындағы Жамбыл ауданының тұрғыны Демеу Күлбалаев мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осы бағдарламаның көмегіне жүгінген болатын.

2019 жылдың соңында «Іскер» бағдарламасы бойынша 6 млн теңге несие рәсімдеуі үшін Демеу Қазиханұлына 4 млн 785 мың теңге мөлшерінде кепілдеме қажет болды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жобаны зерделеп, 4 785 мың теңгенің кепілдемесін берді. Осылайша, 6 млн теңге несиеге қол жеткізген кәсіпкер 208 бас қой мен мал азығын сатып алды. Алдағы уақытта Демеу Қазиханұлы мал басын көбейтіп, шаруашылығын кеңейте түсуді жоспарлап отыр.

Жалпы, «Еңбек» бағдарламасы аясында үш жылда 3 млрд 675 млн теңгенің кепілдемесі берілді. Осының нәтижесінде 1 112 кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсіптерін одан әрі дамытуда. Осы бағдарламаның аясында несиені кепілдендіру жұмыстары жалғасады. Толығырақ ақпарат алу үшін облыс орталықтарындағы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы Қордың филиалына хабарласуға болады.