Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Түркістан: Көпбалалы ана баспаналы болды

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Келес ауданы Жүзімдік ауылында жалғызбасты көпбалалы ана баспаналы болды. Бұл игілікті іске «Харекет» қайырымдылық қоры ұйытқы болып отыр.

Түркістан: Көпбалалы ана баспаналы болды

Осыдан бір жыл бұрын отағасынан айырылған Бегайым Киікбаеваның қуанышында шек жоқ. Ауылдағы ескі үйді паналап отырған отбасы қайырымдылық қордың арқасында 5 бөлмелі үйге қол жеткізді.

«Оразаның 30 күнінде 30 үйді табыстауды ниет еткен қайырымдылық қор назарынан Келес ауданы тысқары қалмады. Құрылғанына 2 жылдың жүзі болған қайырымдылық қордың шапағатын көргендер көп. Еліміз бойынша бүгін 186-шы үйдің кілтін табыстадық», - дейді қор мүшелері.

Ал Шардара ауданы Қызыл құм ауылдық округіндегі орта мектепті 20 жыл бұрын тәмамдаған түлектер қайырымды іс жасап, ауылдастарын қуантты. Бүгінгі жағдайды ескеріп, мамыр айына жоспарлаған 20 жылдық кештен бас тартуды жөн санаған түлектер оған жұмсалар қаражатты жинап, мұқтаждарға жәрдемдесті. Отағасынан айрылып, асыраушысыз қалған Әлібековтер отбасының үйін жөндеп, есік-терезесін жаңартып, ауласынан құдық қазды. Мүгедек баласымен бірге тұратын зағип ана ауылдастарының қайырымды ісіне алғыс айтып, батасын берді. Сондай-ақ, түлектер әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен 15 отбасына азық-түлік таратты. Сауапты іске олар миллион теңгедей қаражат жұмсаған.

 

Түркістан облысы