Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Енді ЭЦҚ-ны төлқұжатпен қашықтан алуға болады

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Карантин кезінде алматылық Веннетта Иманқұлованың жеке куәлігінің мерзімі біткен еді. Барлық шаруа онлайн атқарылатын кезде, жеке куәліксіз Электрондық цифрлық қолтаңба алуға да мүмкіндігі болмай қалған. Енді, электрондық үкімет порталында төлқұжатпен де ЭСҚ алу сервисі қосылғанын естіп, бүгін алуға кіріскен екен.

Енді ЭЦҚ-ны төлқұжатпен қашықтан алуға болады

«Төлқұжатпен алу сервисінің қосылғаны жақсы болды. Жеке куәлігімнің мерзімі тура осы карантин кезіне тура келіп, не істерімді білмей отыр едім. Жаңа сервистің қосылғанын естіп, қуана іске кірістім. Он минутта ЭСҚ алып алдым» – дейді Веннетта.

Осы уақытқа дейін ЭЦҚ-ны қашықтан алу кезінде жүйе кейбір жағдайларда, яғни жеке куәліктің мерзімі өтіп кетуіне байланысты, құжат иесін сәйкестендіре алмады. Бұл жағдайда пайдаланушының өтінімі модерацияға жіберіліп, оған қосымша уақыт қажет болды.

«Паспортты жеке басын куәландыратын құжаттың баламасы ретінде пайдалану ЭЦҚ-ны қашықтан алу барысында сәйкестендіруден өту процесін жеңілдетеді. Әсіресе, жеке куәліктің қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда тиімді» – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы филиалының менеджері Жаңыл Әпетова.

Қызметті алу үшін электрондық үкіметтің порталындағы «Сервистер» бөлімінде орналасқан «ЭЦҚ-ны қашықтан алу» қызметін таңдау қажет. Бұдан әрі кілтті алудың стандартты процедурасынан өту керек. ЭЦҚ-ны қашықтан алу жолымен https://egov.kz/cms/ru/services/pass_onlineecp сілтемесі арқылы таныса аласыз. Бұл жерде ЭЦҚ-ны алудың әр қадамы көрсетілген нұсқаулық орналастырылған.

«Бүгінгі күні  ЭЦҚ-ны жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғалар да ала алады. ТЖ кезінде республикада 274 мың ЭЦҚ берілді. Ал, «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы қаласы филиалында 15 мыңнан аса электрондық цифрлық қолтаңба онлайн түрде берілді.