Заң жобасына жауапты сенатор С.Еңсегенов «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңының жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибелер мұқият зерделеніп, ескерілгенін атап өтті. Сенатор сондай-ақ бұл заң жобалары Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституцияда бекітілген бейбіт және қарусыз жиналып, пикетке шығу, жиналыс, митингілер, демонстрация және шеру өткізу кезіндегі туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталғанын жеткізді.
«Заңда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізудің негізгі қағидаттары белгіленген. Олар біріншіден заңдылық, бейбіт жиналыстарға азаматтардың қатысуының еріктілігі, бейбіт жиналыстар өткізу кезінде күш қолданбау сипатында болуы, бейбіт жиналыстарды өткізу пайдасына презумпциясы және тараптардың жауапкершілігі, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуі», - деді С.Еңсегенов.
Сонымен бірге заң жобасында бейбіт жиналыстар түрлерін өткізуге қатысты ережелер белгіленген. Яғни, пикетке шығу, жиналыс және митингі өткізу үшін жергілікті атқарушы органдардың келісімі қажет етілмейді. Бейбіт нысанда өтетін шаралар бойынша жергілікті атқарушы органдарға хабарлама ғана жолданады. Ал митингі және шеру өткізу үшін жергілікті атқарушы органдарға келісім алу үшін өтініш беріледі.
Сенатор заң жобасында бейбіт жиналыстарды өткізуге қатысты хабарлама, өтініш беру және оларды қарау мерзімі нақтыланғанын айта келіп, жергілікті өкілді органдар бейбіт жиналыстарды өткізу үшін арнайы орын белгілеуі қажет екенін және ол орындар елді мекендердің шетінде емес, орталықтарында болуы заңда нақты жазылғанын хабарлады.
С.Еңсегенов «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына қосымша ілеспе заң да дайындалғанын атап өтті. «Ілеспе заң қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Яғни, 3 кодекс пен 8 заңға өзгерістер енгізіледі. Бұл енгізілетін өзгерістер «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңда көзделген шараларды іске асыруға бағытталған», - деді сенатор.