Коронавирус • 27 Сәуір, 2020

«Мылтықсыз майдандағы» дәрігерлер

376 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирус жұқтырғандарды емдеу жағынан алдыңғы шепте тұрған стационарлардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді ауруханасы. Емдеу мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен материалдық-техникалық базасы жөнінде аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Жұлдыз Данбаева айтып берді.

«Мылтықсыз майдандағы» дәрігерлер

«Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы баспасөз қызметінің бізге берген ақпараты бойынша, елордада қайта құрылған №3 көпбейінді аурухана – сақтандыру қорының медициналық қызмет жеткізушілерінің бірі. Оның құрамына №3 перинатальдық орталық пен Дерматология бөлімшесі (бұрынғы тері-венерология диспансері) кіреді.

Коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты мұнда 220 провизорлық төсек-орын жасақталыпты. Қазіргі уақытта онда пациенттер емделіп жатыр. Бас дәрігердің айтуынша,  осы провизорлық стационарда қызмет көрсетіп жүрген дәрігерлерге бөлек тариф белгіленген, яғни олар еңбегіне орай жалақысының үстіне Үкімет белгілеген үстемеақысын алады.

– Аурухананың құрамына кіретін Перинатальдық орталық бұрынғыдай жұмыс істеп жатыр. Егер жүкті әйелдердің бірінде жедел респираторлық вирустық инфекцияның белгісі байқалса, олар жеке емделеді. Оларға арналған қосымша обсервациялық төсектер әзірлеп қойдық, – дейді Ж.Данбаева.

Ал тері аурулары бар сырқаттарға дәрігерлер қашықтан кеңес береді. Мұндай пациенттер үшін стационар мен емханада екі-екіден, төрт кезекші дәрігер жұмыс істейді. Дегенмен де шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайлар да болмай тұрмайды. Олар бірден бөлімшеге жеткізіліп, жедел талдаулар жасалып, қажет болған жағдайда, ауруханаға жатқызылады екен. 

Бас дәрігердің айтуынша, коронавирустың таралуына байланысты дәрігерлер мен медбикелердің жұмысы бұрынғыдан да қауырт болып кеткен. Бұл аурухананың ақжелеңділері – коронавирус өршіп тұрған елдерден ұшып келген халықаралық рейстерді қабылдаған алғашқы дәрігерлер.

– 21 наурыздан бастап, елордаға ұшып келген халықаралық әуе рейстерін қабылдап, жолаушыларды коронавирусқа тексеру біздің команданың еншісіне түсті. Жұмыс тәулік бойы жалғасты. Дәрігерлерімізде тыным болған жоқ. Олар үйін, отбасын апталап, айлап көрмей, тікесінен тік тұрып қызмет етті. Кейін  «Рамада Плаза» отелін карантинде жатқан азаматтарға арнап жасақтаған соң, ондағы 800 орындық стационарда да медициналық қызмет көрсеттік, – дейді бас дәрігер.

Жұлдыз Сейітқамзақызын біз жоғары санатты білікті дәрігер ретінде жақсы білеміз. Ел басына түскен қиын кезеңде ол бас дәрігермін деп қол қусырып отырған жоқ. Өзі де коронавирус жұқтырған азаматтарды емдеумен айналысып, оларды психологиялық-моральдық тұрғыдан қолдап, ақыл-кеңесін айтып отырды.

Коронавируспен күресіп жүрген медициналық қызметкерлердің тиісті деңгейде қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеуі кейінгі кезде көп сынға ілініп жүр. Ал біздің әңгімемізге арқау болып отырған №3 көпбейінді аурухананың мамандары жеке қорғаныс жабдықтарымен 100 пайыз толық қамтамасыз етілген. Аурухананың өзінде де індетті жұқтырғандарды емдеуге арналған құрылғылардың бәрі бар.

Сөзінің соңында бас дәрігер тұрғындарды сақ болуға шақырып, қолды сабындап жиі жуу, адам көп шоғырланған жерге бармау, ара қашықтық пен тазалықты сақтау  – вирусты жұқтырып алмаудың ең басты шарты екенін еске салды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ