Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Экономист Рахым Ошақбаев Агробанк түріндегі ұйымдар құруды ұсынды

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Атамекен» ҰКП өткен онлайн сұхбат барысында «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев сұрақтарға жауап беру барысында карантиннен кейін елді экономикалық тығырықтан алып шығатын салалардың бірі  ауыл шаруашылығы болады, деп атап өтті.

Экономист Рахым Ошақбаев Агробанк түріндегі ұйымдар құруды ұсынды

«Өткен аптада Елбасының қатысуымен өткен жиында ауыл шаруашылығына қолдау көрсету туралы айтқан болатын. Ал көктемгі егіске қолдау көрсету ол саланы ғана қолдауды білдірмейді, оның артында мемлекеттің азық-түлік саясаты жатыр» деп атап өткен Р.Ошақбаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдарды бір қаржы ұйымына біріктіру қажет. Агробанк ашу мәселесін қозғаған экономист «Несие беретін ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдардың бәрін бір қаржы ұйымына біріктіріп, сол арқылы кәсіпкерлерді төмен пайыздық несиемен қолдаған жөн» дей келе кепілдік қалдыру тәртібінен кетіп, нақты бизнес-жоспарларға қаражат аудару керектігін айтты.

Алайда елдегі көптеген бюрократиялық кедергілерге байланысты қаржыландыруға қатысты шешімдер кешеуілдеп қалды. Бұл бағытта жұмысты барынша жеделдету керек. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын қаржыландыру тұрғысында банк жүйесіне ғана иек артпай, басқа да амалдарын қарастырған жөн. Өйткені, банктер шағын және ұсақ бизнес өкілдеріне уақытында ақша жеткізіп бере алмайтыны анық.