Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Карантиннің кезекті «қызықтары»

516 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында карантин тәртібінің күшейгеніне қарамастан, індеттің шеңгеліне іліккендер азаяр емес. Бүгінгі күнді санағанда, «жаман тұмау» жұқтырғандар саны 128 адамға жетті. Әзірге дәтке қуат болып тұрғаны, бүгін алты адам ауруханадан айығып шықты. Санап берсек, облыстағы жазылғандардың саны 43 адам болыпты. Шүкір... Міне, қуанышы мен реніші осылай алмасқан карантиннің «қызығы» мен «шыжығы» да таусылар емес.

Қарағанды облысы: Карантиннің кезекті «қызықтары»

Карантинде қыз алып қашқан

«Мен ұрлық қылғанда ай жарық болады» деген сөз Қарағанды облысындағы Бұқар жырау ауданының тұрғынына қарата айтылған ба деп қаласың.

вв

Әлгі сабаздың өзіне де обал жоқ. Сөз байласқан қалыңдығын заманның тыныш кезінде емес, тура карантиннің қызған шағында алып қашам деп басы дауға қалды.

Оқиға былай болған екен: Көмекей әулие атындағы ауданда тұратын бұл сүрбойдақ өзінің жекеменшік «Ауди» маркалы көлігінің жүксалғышына 34 жастағы қалыңдығын екі бүктеп тыққан да, санитарлық блок-бекеттен зып беріп өтіп кетпекші болған ғой...

Төтенше жағдайдың тәртібі қатаң: жігіт те, қалыңдық та 27 мың 780 теңге айыппұл арқалап, үйлеріне қайтыпты. Отқа май құйылмаған... отау тігу де кейінге қалғанға ұқсайды...

 

Масканың басқа «мақсаты»

Карантинннің кезінде қаны жерге тамбай тұрған бір зат болса, ол – медициналық маска. Амал жоқ, адамның тағдыры осы бір жапырақ шүберекке байланды да қалды...

ппп

Біреу бұл бетпердені «бәлекетті» жұқтырып алмайын деп тақса, қарағандылық екі тұрғын масканы басқа мақсатқа пайдаланған екен. Олар қара матадан тігілген бетперде киіп, кеншілер астанасындағы супермаркеттердің біріне түскен. Баукеспе ұрылар дабылқаққышты ебін тауып сөндіріп, кассада қалған ақшаны көк тиынын да қалдырмай үптеп кетіпті.

Рас, ұрылардың дүкен ішіндегі «ісі» бейне камераға түсіп қалған екен. Бірақ, із кесушілер тұмшалаған масканың кесірінен олардың түр-түсін анықтай алмай отыр.

 

Карантин Египет емес...

Египетте болып, естен кетпес демалыс күндерін өткізіп қайтқан қарағандылық жұп дәрігерлердің тексеруден өту керектігін айтқан ескертпесін құлаққа да қыстырмаған. Нақтырақ айтқанда, олар ауруханаға барып, тәртіп бойынша екі аптаға созылатын карантинге жатудан бас тартқан. Қысқасы, «Басымызды қатырмаңдар, біз саумыз», деген ғой...

пп

Айтқанға көнбеген соң амал бар ма, тәртіп сақшылары мен дәрігерлер әлгілерге өкіметтің құрығының қаншалықты ұзын екендігін көрсеткен. Египеттен келген екеу тұратын көпқабатты үйге өрт сөндіргіш машинаны тіреп қойған да, сатысын балконға бір-ақ кіргізген ғой.

Сонда ғана жарасымды жұп керек-жарағын жылдам жиып, пәтерден атып шыққан. Төтенше жағдайдың тәртібімен ойнауға болмайды!

 

 

Қарағанды облысы