Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Түркістан облысында 25 мыңға жуық уақытша жұмыс орны ашылады

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында «Жұмыспен қамтудың 2020 - 2021 жылдарға арналған жол картасына» сәйкес жаңа ғимараттар бой көтеріп, әлеуметтік-мәдениет нысандары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ғимараттарында жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Түркістан облысында  25 мыңға жуық уақытша жұмыс орны ашылады

Сондай-ақ инженерлік-көлік инфрақұрылымдарын қайта жөндеуден өткізіп, елді мекендерді абаттандыру көзделген. Осы мақсатта облыста 460 инфрақұрылымдық жобалар бекітіліп отыр. Оның ішінде 48 нысан Түркістан қаласын дамыту жоспарына бағытталған. Бұл деректер облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде  келтірілді. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» шеңберінде іске асырылатын жобалар туралы баяндаған облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева ауқымды жұмыстар барысында өңірде 25 мыңға жуық уақытша жұмыс орны ашылатынын мәлім етті. Жобалар жүзеге асқан соң екі мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құру көзделген. Азаматтардың орташа жалақысы 85 мың теңгеден төмен болмайды.

Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібіне сәйкес аудан, қалаларда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын мердігерлерді анықтау жұмыстары басталған. Мамыр айының бірінші онкүндігіне дейін инфрақұрылымдық жобалардың басталуын, тиісті жұмыс орындарына жұмыссыздардың тартылуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

 

 

 

Түркістан облысы