Қазақстан • 27 Сәуір, 2020

Бірлік қана жеңіске жеткізеді - Нүкетай Мышбаева

529 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 27 сәуір күнгі Қазақстандағы карантинді 11 мамырға дейін ұзарту жөнінде қабылдаған шешімі жайлы естіп, өзімнің бұл шараға толық қосылатынымды айтқым келеді. Қарап отырсаңыз, жан-жақтағы әлем елдері түгел осы шешімге бейіл беріп отыр. Еуропа, ТМД елдерінің көпшілігі карантин мерзімін мамырдың ортасына дейін, кейбірі тіпті мамырдың соңына дейін ұзартатынын жариялады.

Бірлік қана жеңіске жеткізеді - Нүкетай Мышбаева

Біз ел басқарып отырған азаматтарға сенім білдіріп, олардың қабылдаған бұл шешімін бірауыздан қолдауға тиіспіз. Себебі шыбықты бір-бірлеп сындыру оңай болғанмен, бір уыс етіп жинап сындырмақ болсаңыз, дегеніңе көнбейді емес пе. Бірлік бар жерде ғана күш болады. Жан-жаққа ту-талақай тартқылаған істе береке болмайтыны сияқты, бұл індетті де тек бірауыздылықпен және табандылықпен ғана еңсереміз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып отырғандай, біздің ел – өз басынан небір нәубаттарды өткерген ел. Кей жылдары қатары миллиондап сиресе де, еш қиыншылыққа мойымаған, сын сағаттарында тың күшке ие болып, өзінің бірлік пен ынтымаққа құштарлығы арқасында қандай да бір өткелдерден аман өткен қайратты халықпыз. Бүгін бүкіл әлем бастан өткеріп отырған қиын кезең – «Көппен көрген ұлы той» дейтін пәлсапашы қазақ үшін де оңайға түсіп отырмағаны анық. Жұмыс тоқтап, бүкіл адамзат бір сәтке аңтарылып қалды. Әркім өзінің отбасының, бала-шағасының ертеңін ойлап алаңдаулы. Бірақ сен жалғыз емессің. «Біз біргеміз! Берік іргеміз!» деген ұран жалаң сөз емес. Барлығымыз бір кемеде келе жатырмыз, сондықтан сабыр шақырып, кішкене шыдам танытайық,

Бұл сын сағатында мемлекетіміздің басшылары, саясаткерлеріміз, басқа да азаматтар жұмыла отырып жан-тәнімен қарекеттенуі бүкіл ел болып бірігуіміз  – бізді бар қиыншылықтан алып шығады. Біз ел басшыларына сөзсіз сенуіміз керек және олар қабылдаған әр шешімді қолдай отырып, өз тарапымыздан қажетті іс-қимылдар жасап, оқшаулану тәртібі қағидаларын бұзбай, өз тарапымыздан көмегімізді көрсетуіміз керек.

Биыл менің жасым 85-ке толғалы отыр. Қазақтың басынан өткен небір тарихи оқиғаларға мен өз көзіммен куә болдым. Жақсылықты да, жамандықты да қатар көрдім. Бір түйгенім – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана жеңіс келеді. Сонда ғана жағдай оңалады. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын. Аман болайық, айналайындар!

Нүкетай МЫШБАЕВА,

Қазақстанның халық әртісі

АЛМАТЫ