Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Алматы экономикасын қалпына келтірудің екінші кезеңі басталды

247 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ертеден қара кешке дейін тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын Алматы карантин кезінде бір жақсылып тыныс алды. Енді қалайда қалыпты өмірге көшудің қамын жасау қажет-ақ. Алып мегаполисте экономиканың бірқатар салаларын қалпына келтірудің екінші кезеңі басталды. Көптің көкейінде жүрген өзекті сауалдардың жауабын қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев айтып берді.

Алматы экономикасын қалпына келтірудің екінші кезеңі басталды

Фото авторы: Максим Золотухин

Расында, жылт еткен әр ақпаратқа елеңдеп отырған қалың бұқараны мазалаған мәселе көп. Қауіп толық сейілді демесек те, індеттің беті бері қарады деген сарындағы ақпараттар ел үмітін қайта тұтата бастады.  Дегенмен көңілге ұялаған күмән-күдік те жоқ емес. Індеттен әбден сескеніп қалған тұрғындар бұрынғыдай көшеде емін-еркін жүре алмайтынын анық түсінеді. Оның үстіне айдай әлемге азуын көрсетіп дағдарыс келе жатыр деген сөз тағы да еркін тыныстауға ерік бермейтіндей. Сонымен қалыпты өмірге қадам басудың екінші кезеңіне бет алған Алматыда қандай өзгерістер болады?

Бұған дейін мегаполисте көптеген  салалар шектеулі режімде жұмыс істеп келгені белгілі. Олардың қатарында көлік, қойма, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар салалары бар. Әкім орынбасарының сөзінше, бұл секторлар толығымен жұмысын қайта бастайды. Тек санитарлық талаптарды толықтай сақтау қатаң қадағаланады. Алдағы екі аптада 90 мыңға тарта азамат өз жұмысына кіріседі деп күтілуде.

– 50%-ға дейін қаржы секторына рұқсат беріледі. Оның ішінде екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, брокерлік ұйымдар және ломбардтар, ақша айырбастау пунктерін қоспағанда. «Ломбардтарға тұтынушыларды қабылдаусыз, тек уәкілетті органда есептік тіркеуден өтуге рұқсат беріледі. Сондай-ақ, бизнеске арналған кәсіби қызмет көресету саласында: консалтингтік қызметер, аудит, бухгалтерлік, заңгерлік. Бұл секторда компания қызметкерлерінің 50% -на дейін жұмыс істеуге болады. Сонымен қатар, тауарларды үйлеріне жеткізіп беретін компанияларға рұқсат бар» деді Сапарбек Тұяқбаев.

Сонымен қатар көлік жөндеу орындары (көлік жуу, дөңгелек айырбастау) оргтехника мен тұрмыстық техниканы жөндейтін орталықтар, жарнама агенттіктері жұмысын бастайды. Автокөлік сату орындарының техникалық қызмет көрсетуіне де шектеу қойылған жоқ. Көлік жуу және автосалондар алдын ала жазылу бойынша жұмыс істеуі керек.

Алматыда жұмыс істейтін 200 мыңға жуық азамат қаладан тысқары аумақта тұратынын ескерсек, шаһар қақпаларына қойылған блок-бекеттердің жайы не болмақ деген заңды сұрақ туындайды. Тұяқбаевтың сөзінше, мұндай бекеттер карантин толық аяқталғанша тұра береді.

– Сондықтан кәсіпкерлердің облыста тұратын жұмысшыларға сенім артпағандары дұрыс. Бұл жұмыстарға әзірше алматылықтарды тартқандары абзал. Сауда, қызмет көрсету, құрылыс және өнеркәсіп салалары бойынша біз жеке компаниялармен бірігіп кадрларды қайта даярлауды жүргіземіз. Егер мамандар жетіспеушілігіне қатысты мәселелер туындаса, бізбен хабарласыңыз, біз әр фактіні зерттеп, сіз үшін кадрларды дайындаймыз. Қалада жұмыссыз жүргендер көп, – дейді Сапарбек Тұяқбаев.

Мамандарды жедел қайта даярлаудың жаңа бағдарламасы іске асып жатқанын хабарлаған әкім орынбасарының бұл сөзі қаншалықты қисынға келетінін уақыт көрсетер. Қала тіршілігін қамтамасыз етіп отырған қаншама білікті маман жұмыстан қағылады деу де әділетті шешім деп айта алмайсыз. Бүгінгі таңда шаһардағы  394 кәсіпорынның 306-сы жұмыс істеуге рұқсат алған.