Спорт • 28 Сәуір, 2020

Леброн Джаббарға жете ала ма?

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық баскетбол қауым­дастығы (ҰБҚ) тари­хын­дағы ең нәтижелі ойыншы Кәрім-Абдул Джаббар екені баршаға белгілі. 20 жыл бойы ойын алаңында жасындай жарқылдаған Нью-Йорк қаласының тумасы 16 сәуірде 73 жасқа толған еді.

Леброн Джаббарға жете ала ма?

1969-1989 жылдар аралығында «Милуоки Бакс» пен «Лос-Анджелес Лейкерстің» намысын қорғаған Кәрім-Абдул Джаббар 1 560 ойын өткізіп, 38 387 ұпай олжалады. 42 жасқа дейін алаңда атой салған ол әр кездесуде орта есеппен 24,6 ұпайдан еншіледі. Кәрім-Абдулдың бойы – 218 сантиметр, салмағы – 121 кило.

Бұл тізімде Карл Мэлоун екінші орында тұр. 1985-2004 жылдар аралығында өнер көрсеткен айтулы баскетбол­шы­ның қоржынында 36 928 ұпай бар. Алайда Мэлоун 2004 жылы спорттық карьерасын аяқ­таған­дық­тан, оның Джаббарға бә­се­келес бола алмайтыны анық еді.

Үшінші орында – Леброн Джеймс. Дәп осы ойыншының Джаббарды қуып жетуге жақсы мүмкіндігі бар. Өткен жылдың соңында 35 жасқа толған «Лос-Анд­желес Лейкерстің» шабуылшысы әзірге 34 092  ұпай олжалады. Өзінің даңқты отандасын қуып жету үшін оған әлі 4 295 ұпай жию керек. Қазіргі кезде Джеймс әр бәсеке барысында орта есеппен 27,1 ұпайға иелік етуде. Егер осы қарқынын бәсеңдетпесе, Леброн шамамен 170 кездесуден кейін Кәрім-Абдулдың рекордын жаңартуы мүмкін. Бүгінгі таңда барлық букмекерлік кеңселер «Джеймс Джаббардан оза ма?» деген сауалға бас қатырып, барша жанкүйерді бәске ақша тігуге үгіттеуде.

Сондай-ақ ҰБҚ-ның ең нәти­желі «ТОП-10» ойыншысының тізіміне мына баскетболшылар еніп отыр: Коби Брайант (33 643 ұпай), Майкл Джордан (32 292), Дирк Новицки (31 560), Уилт Чемберлен (31 419), Шакил О’Нил (28 596), Мозес Мэлоун       (27 409) және Элвин Хейз (27 313). Бұл ойын­шылардың барлығы да спорт­тық карьераларын әлдеқа­шан аяқтаған. Сондықтан Кәрім-Абдул Джаббардың көрсеткіші әзірше үздік болып қала бермек.