Қоғам • 28 Сәуір, 2020

Экономиканы емес, елді сақтағандар тығырықтан тез шығады

306 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бір сәт өткен дәуірге көз тастайықшы. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегі. Испан тұмауы ғаламшарды бүркеген сәт. Әбігерге түскен әлем. Жең ұшынан жалғасқан жаһандық дағдарыс. Бәрі-бәрі дәл қазіргідей. Осы сурет, осы көрініс. Онда да мемлекет санасында екі-ақ сауал тұрды. Халыққа жәрдемдесеміз бе? Әлде экономиканы құтқарамыз ба?

Экономиканы емес, елді сақтағандар тығырықтан тез шығады

 

Күшейтілген карантин жа­ңа­лық емес. Әлемнің алып елдері мұн­дай сынақтың түр-түрін бас­тан өткерген. Оған дәлел, біз мы­салға алып отырған «испан тұ­мауы». Бірінші дүниежүзілік со­ғыс­тың дауылы басылмай жатып бастау алған аурудың түп-төркіні – антисанитария.

Ұлы майданның шеңгелінен енді ажыраған халық тұмаудың тұт­қынына түсті. Екі оттың орта­сын­да қалған мемлекеттердің эко­­­но­микасы тіптен тұралады. Дү­­кен­дер мен кеңселер жабылып, банк жүйесі тығырыққа ті­­рел­ді. Тұрғындардың тысқа шы­­­ғуына тыйым салынды. Дәрі-дәр­мектің жетіс­пеу­ші­лігі қа­ра­пайым халық­тың на­ра­зы­лы­ғын туғызды. Жұмыс­сыз­дықтан тентіреген жұрт. Бұрыш-бұрышта сұлаған өліктер. Дәрі­герлердің шарасыздығы. Көше кезген меңіреу тыныштық қор­қы­нышты түс секілді шарпыды. Ешкім бұл дағдарыстың тереңін болжай алмады. 1918 жылғы испан індеті АҚШ-тың өнеркәсіп өндірісін 18 пайызға азайтты. Испан халқы жұмысқа қабілетті жастардың тең жарымынан айырылды. Қытайдағы бірнеше фабрика істен шықты. Әр үшінші адам сырқаттанып, әрбір оныншы адам көз жұмды. АҚШ-тың батысындағы Сиэттл мен Лос-Анджелес қалалары вирустың соңғы ошағына айналды. Олар шығыс жағалауындағы қалалардың тәжірибесіне сүйене отырып оқшаулау әдісіне көшті. Қашықтан жұмыс істеуді, интернет-коммерцияны және сандық бақылауды қоспағанда, дәл бүгін­гі­дей белсенді шаралар қолға алын­ды. Әр адамға бетперде тағу міндеттелді. Мектептер, театрлар мен шіркеулер толықтай жабылды. Жиналыстарға тыйым салынып, жерлеу рәсімдерін кейінге қалдырды. Қоғамдық кө­лік­ті тоқтатып, физикалық арақа­шық­тықты енгізді.

Пандемия елесі басылған соң әлемді шарпыған қаржылық дағ­дарыс басталды. Ол ауыл шаруа­шы­лығы және әлеуметтік өмірге әсер етті. Батыс елдерінің зауыттары мен фабрикаларында өндіріс тоқ­тап, банктер мен өнеркәсіптік компаниялар банкротқа ұшырады. Өнеркәсіптік компаниялардың акциялары 87 пайызға төмендеді. Мил­лиондаған адамдарды, шар­уалар мен фермерлерді жұмыс­сыз­дық толқыны шарпыды. Өсім­дік­тер өртенді, жеміс ағаш­та­ры кесілді, асыл тұқымды мал со­йылды, шикізат пен тамақ өнім­дері жойылды. Автокөлік өнер­кә­сібі құлдырады.

Батыспен экономикалық бай­ла­­­нысқан елдер дағдарыстың құр­­бандарына айналды. Халық­ара­лық сауда қатынастары бұ­зы­лып, әлемдік ішкі жалпы өнім әлсіреді. Шикізат пен азық-тү­лік­тің арзандауы осы тауарлар­ды экспорттаушы елдерге әсер етті. Сонымен бірге Азия, Африка және Латын Америка халқының табысы мен өмір сүру деңгейінің төмендеуі дамыған елдерде өнді­ріл­ген өн­ім­ді бұрынғы масштабта сатып алуға мүмкіндік бермеді.

Бертін келе Массачусетс тех­но­­логиялық институтының эко­­номистері әлемдік ішкі жалпы өнім­нің теріс динамика көр­сет­ке­нін мәлімдеді. Туризм саласы тоқырап, жаһандық тенденцияда пандемиядан кейін әлемдегі орта таптың жағдайы нашарлады.

Сол кезеңде әрбір мемлекет біз жоғарыда қойған сұраққа ж­а­уап іздеді. Саясаткерлер мен ға­лымдар карантиннен кейінгі өмір­ге болжам жасады. Ақыры эко­­номиканы емес, халқын сақ­та­­ған елдер тығырықтан тез шы­ға­тынын аңдады. Бұл тура­сында атақты экономист Нассиб Талиб: «Бізге алдымен адамдар­дың қа­уіп­сіздігін ойлайтын мемлекет қажет. Пандемия кезінде әрбір ел осы мақсатқа қол жеткізетін барлық шараларды бақылауға алуы тиіс. Мәселен, Еуропалық одаққа әртүрлі себеппен мүше болған кейбір мемлекеттер экономикасын көтеріп алуы мүмкін. Бірақ сол мұқтаждық ертеңгі халқыңның көз жасына айнал­ма­сына кім кепіл?!» дейді. Сарап­шының сөзіне сүйенсек, эконо­ми­ка­ның негізгі өзегі – халық.

Испан тұмауы 17-45 жас ара­лы­ғындағы нағыз жұмысқа қабі­летті жастарды жалмады. Өнді­ріс саласында негізгі күш жас­тарға түсетіндіктен пандемия аяқ­талған соң кәсіпкерлер кадр тап­шылығына тап болды. Десе де карантиндік шаралар қабылдау мерзімінің ұзақтығы пандемиядан кейінгі кезеңде өнеркәсіптік жұмыспен қамтылудың шамамен 5 пайыз өсуіне әкелді. Неге десеңіз, ескі қызметкерлердің дені ауру­дан қайта айықпағандықтан жаңа кадр тартуға тура келді. Бұ­рын құр жүрген мамандарға жаңа мүм­кіндік берілді. Қосымша 50 күндік шектеулер жұмыс орын­да­рының 7 пайыз өсуіне ықпал жасады.

Әйтсе де әлем карантиннен кейінгі онжылдықты өркендеу ғасыры деп атады. Халқының күш-қуатын сақтап қалған мем­­лекеттердің экономикасы бірте-бірте ілгеріледі. Әсіресе Еуро­па еңсесін тез көтерді. Әл-ауқат­тың өсуі ең алдымен орта тап пен халықтың ең бай топ­тары тара­пынан байқалды. Әде­тінше қоғамның бай және кедей мүше­ле­рі арасындағы эконо­ми­ка­лық алшақтық маңызды болып қала берді. Бұл кезеңде автомобиль және тұрмыстық техника сияқ­ты салаларды дамыту қажет болды. Ойын-сауық индустриясы едәуір өсуді бастан кешірді. Банк секторы да дамыды. Атап айт­қан­да, тұтынушылық несиелеу қызметтері артты.

– Қазіргі біздің Үкімет орта және кіші бизнес өкілдеріне ерекше көңіл бөліп жатқаны се­кілді, ол уақытта да шағын өнер­кәсіпті дамыту процесі қар­қын­ды жүрді. Бұл ең алдымен әлеуметтің тұрмыс деңгейін көте­руге күш салды. Әрі біраз уақыт үрейлі күн кешкен халыққа жігер берудің таптырмас құралы ретінде қарастырылды. Әртүрлі көңілді кештер ұйымдастырылып, ырғақты әндер тыңдалды. Билік қоғам санасын қорқыныштан таза­лауға тырысты, – дейді әлеу­мет­танушы Айдос Сарым.

Батыста бірнеше компания­лар акцияларының құны тез өсті. Көптеген америкалықтар, олардың арасында тек орта тап өкілдері ғана емес, сонымен бірге кәсіпорындардың акцияларын өз табыстарының бір бөлігіне сатып алған жұмысшылар да бағалы қағаздарға ақша салуға асықты. Көп жағдайда қор нарығында ойнау таза алыпсатарлыққа айналды. Үлкен қаржылық пирамидалар құрылды. Әйтсе де олар ерте ме, кеш пе құлдырауға мәжбүр болды.

Әлемдік сарапшылардың пікі­рін­ше, адамдарды құтқару және экономиканы үнемдеу міндеттері қазіргі уақытта бір-біріне қайшы келмейді. Індетті азайту және өмірді сақтау шараларын қол­да­на отырып, біз болашақта эко­но­ми­калық белсенділікті қалпына келтіруді жеделдете аламыз.

Ал дәл қазір жаһанды алаң­да­тып отырған Covid-19 пан­демиясы Бразилия президенті Джайр Болсонаруды шошыта алмаған секілді, аталған мемлекет басшысы Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының ұсы­ныстарына қарсы. Иран пре­зиденті Хасан Рухани вирусты «жаудың ымырасы» деп атады. Ол адамдарды жұмысқа бару­ға шақырады. Ал Беларусь лидері Александр Лукашенко қашықтық өлшемін енгізбеді. Ол «тізерлеп өмір сүргеннен өлген артық» деген пікірге ұйыды. Саясаткерлер: «Дереу карантин жариялаған елдер, атап айтқанда Тайвань мен Сингапур, тек инфекцияның таралуын ғана шектеп қоймады. Олар пандемияның ең жағымсыз экономикалық салдарын жеңілдете алған сияқты. Осылайша, карантин шаралары пандемия кезінде үлкен эконо­ми­калық залалдың көзі ретінде қарастырылмайды» дейді.

Бүгінде Еуропа мен Азия ғасыр бұрынғы сынақты қайтадан ба­сынан кешкенін мойындап, хал­қының әлеуметтік деңгейін сақтап қалу үшін ұлттық қордан аямай қаржы бөлуде. Бұл бола­шақ­қа құйылған инвестиция есе­бін­де қарастырылады. Біздің мем­лекеттің қарекеті де ертеңі­міз­дің жарқын болуына жол ашатынына сеніміміз мол.