Экономика • 28 Сәуір, 2020

Ақ мол болсын десек...

316 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Азық-түлік белдеуіндегі Ақмола облысы Нұр-Сұлтан қала­сының тұрғындарын сүт және сүт өнімдерімен 30 пайыз ғана қамтып отыр. Облыс шаруашылықтарында 502 052 бас қара мал болса, ауылдағы ағайынның қолындағысы 267 037 бас. Сауын сиыр да негізінен ауылдағы шаруаның қолында. Сүт өндіргені үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына төленетін субсидия оларға бұйырмай отыр.

Ақ мол болсын десек...

Нұр-Сұлтан қаласын сүт және сүт өнімдерімен қамтуға Це­ли­но­град ауданындағы «Роди­на», А­қкөл ауданындағы «Ең­бек», Астрахан ауданындағы «Ка­мы­шенка», Аршалы ауданындағы «Ижевск» тәрізді ірі тауарлы-сүт фермалары қомақты үлес қосып отыр. Оған қоса облыста ұзын-ырғасы қырыққа жуық тауарлы-сүт фермасы бар. Бұл фермалардың ең шағыны 50-60 басқа дейін сиыр сауады. Ма­мандардың есептеуіне қара­ғанда, тауарлы-сүт фермасы сауын сиырдың саны 400-ден асқанда ғана өзін-өзі ақтап шығады екен. Әйтпесе «сиырдың сүті тілінде» дегендей, мықты азық-түлік базасын қалыптастырып, қора салудан бастап, сауын аппараттарын алуға дейінгі қыруар шығыны бар. Демек мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, шағын тауарлы-сүт фермаларын ірілендіру қажет. Есеп қара­пайым ғана, шағын фермалар ірілендіру арқылы қаражат қуатын арттырса, есесіне сүт өнімі де молая түсер еді. Мал басын өз төлі есебінен көбейтуге толық мүмкіндік бар. Жайылым да жеткілікті. Негізінен, ауыл шаруашылығына бейімделген облыста мал азығы дақылдарын бүгінгі көлемнен әлдеқайда молайта алар еді.

Биыл облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың арнайы тапсырмасымен әр ауданда тауарлы-сүт фермалары ұйым­дастырылмақ. Қаржы инс­титуттарында бұл саланы қол­дауға қажетті қаражат та бар. Тек ынталы адамдардың сол қа­ражатты алуға кепілдігі жоқ.

Бас-аяғы 18 жоба қарасты­рыл­­ғанымен, әзірге біреуі ғана Бурабай ауданындағы «Қоянды-Агро» шаруа қожа­лығында қолға алынып отыр. Шаруашылық 280 басқа дейін сауын сиыр ұстауды межелеген. Қазіргі күні 100 басы бар, оның 50-і Словакиядан әкелінген асыл тұқымды сауын сиырлар.   

Біздің айтпағымыз, облыс­тың сүт және сүт өнімдерін өндірудегі бар қуаты толық кәдеге аспай жатқаны. Мәсе­лен, жаңа жылдан бері облыс­та барлығы 62,7 мың тонна сүт өндірілген. Мұ­ның 20,2 мың тоннасы жауап­к­ер­шілігі шектеулі серік­тес­тіктері мен шаруа қожа­лықтарының еншісінде. Ал енді мал сүмесімен күн көріп отырған халық 42 мың тоннаға жуық өнім өндірген. Шамалап айтқанда, барлық сүттің 68 пайызы халықтың еншісі. Бірақ бұл өндірілген сүт ішкі қажеттілікті толық қа­нағаттандырғанымен, мал­сақ қауым айтарлықтай табыс тауып отырған жоқ. Ірі шаруашылықтар болмаса, жекеменшік иелері ба­ғамындағы малдың өні­мін сатып, нәтижесін көре алмауда. Басты себеп ұйым­дас­тыру жұмыстарының ора­лым­сыздығынан. Мәсе­лен, елді мекендерде сүт жинау жұмысы дұрыс жолға қойылмаған.

Егер ауыл адамдарынан сүт сатылып алынса, ел­дің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім жақсарып қалар еді. Мәселен, жұмыс жолға қойылған жерде халық­тың қолындағы сүтті егер май­лылығы 3,5 пайызды құ­рай­тын болса, литрін 99-95 теңгеден сатып алады. Май­лылығы одан жоғары болса, 120 теңгеден өткізе алар еді. Бұл арадағы бағаның қа­лып­тасуы өнімнің тасымалдау қа­шықтығына тікелей тәуелді.

Сүт зауыттары үшін шал­ғайдағы ауылдардан сүт тасымалдау өзін-өзі ақтамайтын іс болып есептеледі. Олай болатыны, жол шығыны қымбат. Сонда бірер малының сүме­сі­мен күн көріп отырған қа­ра­пайым халық мал өнім­дерінен табыс таппайтын болып шығады. Енді осы жай­ды қалай шешуге болады. Біздің мынадай ұсынысы­мыз бар. Мәселен, шалғайдағы ауылдық округте бес елді мекен бар делік. Халықтың қолындағы сүтті сатып алып, кәдеге жарату үшін округ орта­лығынан сүт жинайтын арнайы орын ашылса. Әрине бұл орын тоңазытқышпен қамтылуы қажет. Міне, осы тоңазытқышқа таңғы сауын мен кешкі сауынды қосып жинап, сүт зауытына бір-ақ тасымалдаса. Осы әдіс ұтымды болар еді. Екі сауынның сүтін бір қосқан соң тасымал­дау шығыны арзандайды. Әйт­песе ауыл тұрғындары сиыр сауып, табыс тауып отыр деп айту қиын. Оның үсті­не жауапкершілігі шектеу­лі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарына төлене­тін субсидия жеке шаруашы­лыққа төленбейді. Таратып айтсақ, егер тауарлы-сүт фер­маларындағы сауын сиырдың басы 600-ден асса, онда бір кило сүтке 35 теңгеден, 400-ден асса 20 теңгеден, 50-ден ас­са 10 теңгеден субсидия төле­неді. Айтпақшы, сүт жи­найтын кооперативтер де бұл несібеден құр қалып отырған жоқ. Оларға да әр килосы үшін 10 теңгеден субсидия беріледі. Ал облыста сүттің 70 пайызына жуығын өндіріп отырған ауыл тұрғындарына көк тиын төленбейді. Негізгі жүк мал иелерінде емес пе? Біздің солтүстік өңірде қара мал бағу қияпат шаруа. Мәселен, бір сауын сиырды қыстату үшін екі тіркеме шөп қажет. Былтыр әр тіркеме шөп сапасына байланысты 35-40 мың теңгеден сатылды. Оған күздің өзінде шарықтап кеткен жем бағасын қоссаңыз, малдың құнына жетіп қалады. Демек, мал баққан ауыл адамы қара малдың өзін етке өткізіп, жарытымды пайда таба алмайды. Жоғарыдағы есеп бойынша, қысы ұзақ өңірде мал өзінің құнын алты ай қыста жеп бітіреді. Демек, табысты көзге айналу үшін сүтін де кәдеге асыру керек. Бұл орайда талпыныс та болды. Кооперативтер құру жөнінде бастама көтерілді. Кооператив демекші, 2016 жылы облыста 21 кооператив құрылған болатын.  Қазір тек 12-сі ғана жұмыс істеп тұр.

– Бұл орайда адамдардың жұмыс істеуге талпынысы бар, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қайрат Көшенов, – кооперативтердің қолын байлаған жай, тіркету болды. Түсінікті болуы үшін таратып айтайын, шаруа­шылық жүргізуші нысан ретінде ол жылжымайтын ғи­маратта болуы керек. Сонда ғана тіркеледі. Ал бірқатар кооперативте олай болмай шықты. Әйтпесе бастама көп-көрім жақсы еді. Мәселен, 2019 жылы 5 мың тоннаға дейін сүт жинап, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізді.

Қорыта айтқанда, сүт мол­шылығын жасауға ауыл тұрғындарының да ықпалы көп болар еді. Тек жап-жақ­сы бастама ретінде көтеріліп, алға ұмтылған шаруаның аяқасты қалып жатқаны өкінішті-ақ.

 

Ақмола облысы