Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Жемқорлар азаяр емес...

802 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бо­йынша департаменті басшысы Әділхан Әшірбаев өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 11 мониторинг жүргізілгенін мәлімдеді.

Жемқорлар азаяр емес...

Мониторингтердің нәтижесі бо­йынша 26 ұсыныс беріліп, сыбай­лас жемқорлықты анықтау мақ­сатында 17 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің қызметіне талдау жүргізіліп, 47 ұсыныс енгізілген. Мәселен, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жүргізіл­ген талдау нәти­жесінде бірқатар шаруа­шылық субъектілері субсидия алу үшін ұсын­ған өтінімдерінде дұрыс емес мәлі­меттер көрсетіп, субсидия алғандығы анық­талған. Бүгінде субсидия алған шаруашылық субъектілерінен 1 мил­лион теңге бюджетке кері қай­тарылған. Ал сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған 9 тұлға қызметінен босатылған. Алайда олар осы уақытқа дейін мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда басшылық лауа­зымда болған.

«Еңбек және сыбайлас жемқор­лық заңнамасын сақтау бойынша мониторинг биыл да жүргі­зіліп, квази­мемлекеттік сектор субъек­тілерінде басшылық лауазымдағы 8 тұлғаның бұрын сыбайлас жемқорлық қыл­мыс жасағандығы анықталып отыр», дейді Әділхан Әшірбаев. Мә­селен, «Қызмет өкілеттігін теріс пай­далану», «Қызметтік жалғандық жасау», «Қыз­меттегі әрекетсіздік» сияқты Қыл­мыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша сотты болған тұлға қазір мемлекеттік үлесі бар «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің директоры болып жұмыс істейді екен.

Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдардың басқармалары мен бөлімдеріне бағынысты 900 мекеме өз бюджеттерін енгізіп, жариялаған. Сонымен қатар өңірде еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен «Бизнесті және инвестицияларды қорғау» жобасы жүзеге асырылуда. Облыста жергілікті және шетелдік инвес­торлармен бірге 372 миллиард теңгені құрайтын 30 келі­сімге қол қойылып, жобаны іс­ке асыру уақытында 21 өтініш түскен. Алайда департамент берген мәлі­метке сүйенсек, облыста сыбайлас жем­қорлық құқықбұзушылықтарын анық­тау және тергеу бағытындағы жұмыс­тардың нәтижесі өткен кезең­мен және орташа республикалық көр­сеткіштермен салыстырғанда өскен. Өткен жылы сотқа 70 іс жолданып, сы­байлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасағаны үшін 90 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Сондай-ақ өткен жылы 1,2 миллиард теңге көлемінде залал анықталса, бү­гінде оның 930 миллион теңгесі өндірілген.

Жалпы, жүйелі сыбайлас жем­қорлық деректері 5-7 пайызға, шағын және орта бизнес жұмысына ара­ласу 16-20 пайызға, мемлекеттік бағдар­ламалар аясында бөлінген қара­жатты ұрлау 11-17 пайызға дейін ұлғайған.  Мемлекеттік органдардың арасында сыбайлас жемқорлық сипатында жасалған қылмыстар үшін атқарушы органдардың лауазымды адамдарына қатысты 56 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, құрылыс, мәдениет және тағы да басқа үлкен салалар бар. Одан кейін ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты 29 қылмыстық іс болған. Ал ағымдағы жылдың үш айында 27 қылмыстық іс сотқа жолданып, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасағаны үшін 28 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Есептік кезеңде 236,7 миллион теңге көлемінде залал келтірілген болса, оның 80,8 миллион теңгесі өндіріліп, 122,3 миллион теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынған.

 

Жамбыл облысы