Мына бір хат Ақмола облысының Молотов ауданының Михайловка ауылдық кеңесіне қарасты Меньщуковка колхозында 1920 жылы дүниеге келген Саршат Қастоллаұлы Айтпаевтан жолданған екен. 1941 жылдың қаңтарында әскерге алынған ол жеңіс сағаты соққанға дейін өлім мен өмір белдескен қанды майданда шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп, Отанын қорғаған. Жаяу әскер құрамында Украина, Белоруссия, Латвия жерлерін азат ету үшін болған қиян-кескі шайқастарда ерлік көрсетіп, бірнеше рет жарақаттанған. Осынау ерлік істері үшін орден, медальдармен марапатталған. 1945 жылдың қыркүйек айында туған жерге қайтып оралып, бейбіт еңбекке араласқан.
Саршат Қастоллаұлының майдан даласынан жазған үшбұрыш хаты қазір Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы мұражай қорында сақтаулы тұр. Сол кездегі тәртіп бойынша әскери құрамның мекенжайы толық көрсетілмеген. Дала поштасы. 32428. Ақмола облысының Молотов ауданына қарасты Михайловка селолық округінің Меньщуковка колхозында тұратын Қастолла Айтпаевқа жолданған екен. Уақыт табынан сарғайған үшбұрыш хаттағы қолтаңба айқын, анық. Орыс тілінде жазылыпты. «Амансыңдар ма құрметті ата-ана! Маруся, Зоя. Хатымның алғашқы жолында өзімнің аман-есен екендігімді хабарлаймын».
Одан әрі аталмыш хатта ауыл-аймақтың амандығы сұралады. Өзінің майданда жараланғандығын, әзірге әскери госпитальда емделіп жатқандығын хабарлайды.
Осындай майдан даласынан жолданған мың сан үшбұрыш хат бүгінде архивтерде, мұражайларда сақталған. Арада аттай 75 жыл өтсе де. Әр хатты оқыған адам тебіренбей тұра алмас еді. Оның әрқайсысында он сегіз мың ғаламда бір-біріне мүлде ұқсамайтын, бірақ қасіретті соғыстың салдарынан бір арнада тоғысқан адам тағдыры, өмір іздері жатыр.
Майдан даласынан жолданған хаттардың көбі өлеңмен жазылған. Бәлкім шалғайда, сұрапыл соғыс өтінде жүрген адамдар өздерінің бойындағы туған елге деген сағыныш сезімін мөлдіретіп өлең қылып жолдағылары келді ме екен. Әлде қазақтың қара өлеңі пенденің бойындағы толқыған сезімді шыт-шырғасын шашау етпей, айна қатесіз жеткізуге қолайлы болды ма.
Біржан сал ауданының Кеңащы ауылында тұрған, Біржан салдың ұрпағы Қадеш Әміровадан жазылып алынған Мұхтар Шәйкеновтің үшбұрыш хат арқылы елге жолдаған өлеңі:
Хат жаздым әдейі арнап тәте саған,
Жүрсіз бе сәлемет боп есен-аман.
Тәтежан сағынғаннан көптен көрмей,
Міне, арнап бүгін саған хатты жазам.
Қатысып үйге барып тұрасыз ба?
Үй іші тұрады ма сондай жайда.
Жақсы ма тыныс халы қалай екен,
Қуатты тұра ма екен Жақып ағам.
Тағы да менен сәлем Уәлиге
Қатысып тұрасың ба біздің үйге?
Менің де кеткеніме көп жыл болды-ау,
Осы күн тұрады екен қандай күйде.
Естіген боларсыздар Қапар жайын,
Кетіпті халқым үшін қалқатайым.
Қайғырып қара тасты жібітетін,
Нәрсе жоқ қолдан келер не қылайын.
Сегіз шумақтан тұратын осы бір өлеңде Мұхтар атамыздың арман-мұраты, сарытап сағынышы таңғы шықтай мөлдіреп, келер күндерге деген нық сенімі атойлап тұрғандығын ет жүрегің езіліп отырып, айқын аңғарасың. Сөз соңын:
Тілейтін жалғыз тілек бізде дағы,
Тезірек сұм қарақшы дұшпан жағы.
Жақында жау жеңіліп, соғыс бітіп,
Уайым болмас еді арғы жағы, – деп аяқтайды.
Мұндай өлеңдерді сол тұстағы ел ішінде шығарма өлең деп атаса керек-ті. Өлеңмен хат жазған әр жауынгердің айтпақ ойын елдегі туыстары жан-жүрегімен түйсініп, сезінер еді. Шалғайдан майданға жолданар хаттар да сол сезімдермен үндесіп, астасып жатқан. Әрине кәсіби ақын емес, майдан даласында мұңға батып, әр сәт сайын ажалмен бетпе-бет келіп жүрген жандардың жан толқынысы көбелектің қанатындай үлбіреген үшбұрыш хат арқылы жетіп, қасіреттің мың батпан салмағын арқалап жүрген жалпақ жұрт, қалың елге бірден лап етіп төңірекке тегіс тарап, өзгеше рең, айрықша сипат алып, аңызға айналып жүре берген-ау, сірә. Өйткені сондағы әр хаттың ішінде жазылған шығарма өлең әркімнің жүрегіндегі мазасыз ойды дөп басатын.
Бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Рузаев ауданының «Боровской» кеңшарында тұрған, 1913 жылы туған Мағрипа Мақановадан жазылып алынған жауынгер Қасен Әлжановтың мына бір өлеңін оқып көріңізші.
Қайния жаным сүйген болдым құмар,
Сабыр ет соғыс бітер, дауыл тынар.
Ақ жүрек, адал ниет жеңбей қоймас,
Жарқырап жастық шақтың күні туар.
Қайнижан мен жасымнан болдым ғашық,
Кездессем кетуші еді көңілім тасып.
Жіберші көрікті бір суретіңді,
Жүрейін көрген сайын мауқым басып.
Қайнижан, кел кәнекей, қолыңды бер,
Жарыңнан ешуақытта үзбе күдер.
Мәңгібақи мен сенікі, сен менікі,
Сен дағы айнымайтын сертіңді бер.
Ауылға жауды жеңіп біз қайтармыз,
Жеткенде Қайниым деп ән салармын.
Жарқырап кеуде толып орденменен,
Өзіңді күлім қағып қарсы алармын.
Қанша жерден оқ борап, мың сан снаряд жарылып, қадам басқан сайын ақ ажалға кезігуі мүмкін бола тұра, үзілмеген үміт, ертеңге деген сенім осындай-ақ болар.
Үшбұрыш хаттар арнайы зерттейтін-ақ тақырып. Бір кезде үміт жібін жалғаған, әр көңілдегі селкеу түскен сенімді нығайтқан үшбұрыш хаттар ұмыт қалмасыншы.
Ақмола облысы