Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Birgemiz қоры 18 мың тұрғынға 50 мың теңгеден береді

649 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова Birgemiz акциясы аясында өңір тұрғындарына қандай көмек көрсетілетінін мәлім етті. Мысалы, қазірдің өзінде облыстың үш қаласында 13 мыңнан астам адам 50 мың теңгеден бір реттік көмек алған. Енді,  әлеуметтік жағынан осал 18 мың адам мамыр айында дәл осындай көмек алатын болады. 

Қарағанды облысы: Birgemiz қоры 18 мың тұрғынға 50 мың теңгеден береді

Birgemiz қорының Қамқоршылық кеңесі еліміздегі 23 қаланың 150 мыңнан астам тұрғынына көмек көрсету туралы шешім қабылдағаны белгілі. Қарағанды облысында мұндай бақытқа Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалалары ие болған еді.

Қадиша Оспанова бүгінгі күнде облыста аталған қордың Birgemiz-Qaragandy деп аталатын филиалы ашылғанын атап өтті. Оған  жоғарыда аталған үш қалада тұратын табысы өте төмен адамдарды қолдау үшін республикалық қордан ақша түседі. Көмекті үлестіру үшін қала әкімдері мен әлеуметтік қорғау органдары қолдауға мұқтаж адамдардың тізімін беруі керек.

«Сәуір айының 9-16 күндері аралығында бірінші траншпен Қарағанды облысының үш қаласының тұрғындарына 50 мың теңгеден аударылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарының санатына кіретін 13 674 адамға (көп балалы, I топтағы мүгедектер, мүгедек баланы күтуші тұлғалар, жасына байланысты зейнеткерлер, ең төменгі зейнетақы алатын, жетім балалар, және асыраушысының бірінен айырылған балалар, ҰОС қатысушылары және оларға теңестірілген тұлғалар, тыл еңбеккерлері) жалпы сомасы 683 млн 700 мың теңгеге көмек көрсетілді», деді Қадиша Оспанова.

Материалдық көмек екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке адамның карточкалық немесе ағымдағы шотына аударылады. Мұндай қолдау кәсіпкер-меценаттардың көмегінің арқасында мүмкін болды.

Қадиша Оспанова мамыр айының басында жүзеге асатын екінші траншпен  Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қаласынан 18 383 адамды қамту жоспарланғанын атап өтті.

Сондай-ақ, #Bizbirgemiz #NurOtan қайырымдылық акциясы аясында 19 наурыздан 26 сәуірге дейін Қарағанды облысында Jas Otan және Saryarqa jastary еріктілер бригадаларының күшімен 5 100 мұқтаж отбасына (көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ардагерлер, тыл еңбеккерлері, жетім балалар) 65 млн теңгеге көмек көрсетілген. Олар  антисептикалық құралдармен, медициналық маскалармен және бірінші қажеттілік өнімдерімен қамтамасыз етіліпті.

Облыстық штабтың әрбір еріктісі күн сайын орта есеппен 10-12 мекенжайды аралап шығады екен және олар демалыссыз жұмыс істейтін көрінеді.

Сонымен қатар кәсіпкерлер, партияның белсенді мүшелері әлеуметтік жағынан осал азаматтарға 36 тонна картоп, 16 тонна ұн, 5 тонна ет, 1000 тауық еті, көкөніс пен жеміс-жидектер үлестіріпті. Партиялықтар көп рет қолданылатын маскаларды тігуді ұйымдастырып, 10 мыңнан астам жеке таңғыштар таратқан.

Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова қазіргі таңда жұмыстың қызып тұрғанын айтады. Филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесіне және ресми аккаунттарына күн сайын 150 өтініш келіп түседі екен.

«Қарағандыда 1 сәуірден бастап 85 жастан асқан 49 жалғыз басты және аса мұқтаж зейнеткер үшін күн сайын ыстық тамақ дайындау және жеткізу ұйымдастырылған. Бұл көмек карантин аяқталғанға дейін жалғасады», дейді Қадиша Оспанова.

 

Қарағанды облысы