Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Батыс Қазақстан облысы: 5 адамға 928 750 теңге сыйақы

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында биылғы үш айда сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына жәрдемдескен азаматтарды көтермелеу үшін 5 адамға 928 750 теңге сыйақы төленген.

Батыс Қазақстан облысы: 5 адамға 928 750 теңге сыйақы

Қазір елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде барлық әдіс-амал қолданылып жатыр. Соның бірі – жемқорлық оқиғасы туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға түрлі жолмен жәрдем көрсеткен азаматтарды көтермелеу.

-Биылғы брінші тоқсанда 5 азамат қаржылай көтермелеуге ие болды. Оның үшеуі ішкі істер органдарында сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарласа, қалған екеуі – квазимемлекеттік сектордағы заң бұзушылықты әшкерелеп берген, - дейді Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің баспасөз қызметі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске үлес қосатын белсенді азаматтарды көтермелеу елімізде 2015 жылдың соңында қабылданған Үкімет қаулысына сәйкес жүргізіліп келеді. Мысалы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінен басталатын сыйақы мөлшері аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша дерек берген азаматтарға - 100 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Ал пара немесе келтірілген залал сомасы бір мың АЕК-тен асатын қылмыстар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы келтірілген залалдың он пайызын құрайды.

 

Батыс Қазақстан