Дегенмен, бүгінде коронавирус құтырынып тұрған Теміртау қаласында әлі де қатаң шаралар сақталады. Мұнда санитарлық нормаларды сақтай отырып, тек құрылыс нысандары, техникалық қызмет стансасы (ТҚС),, шиномонтаж шеберханалары, автожуу орындарына ғана жұмыс істеуге рұқсат алды.
Қанат Асқаров Қарағанды облысының басқа қалалары мен аудандарында тұрғындарға саяжай учаскелеріне баруына мүмкіндік берілгенін жеткізді. Сондай-ақ, қоғамдық көліктер қайта жұмысын бастайды. Өнеркәсіптік кәсіпорындарына және басқа да бірқатар қызмет көрсету нысандарының қызметіне рұқсат берілді.
Бұған қоса, адвокаттық кеңселерге, нотариустарға, ТҚС, шиномонтаж шеберханаларына, көлік жуу орындарына, екінші деңгейлі банктерге және ХҚКО жұмыс істеуге рұқсат етілді.
Ауыл шаруашылық техникасын, жабдықтарды көтерме саудамен сату қайта іске қосылды. Тұқым, көшеттер және басқа да материалдарды сату жөніндегі мамандандырылған дүкендерге және бөлімдерге жұмыс істей бастайды.
Сауда нүктелерін ашпай, тек жеткізу режимінде тұрмыстық техника мен электр жабдықтарын, жануарларға арналған тауарларды, тұрмыстық химияны, қосалқы бөлшектер мен шығын материалдарын сатуға рұқсат етіледі.
Бас санитарлық дәрігер жұмысты жаңартатын барлық кәсіпорындар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, алдын ала жазылу арқылы ғана қызмет көрсетуі тиіс екендігін ескертті.
Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ересектерсіз жүруіне болмайды. Отбасы мүшелерін қоспағанда, бестен аса адамның жиналуына, саябақтар мен гүлзарлар аумағында серуендеуге тыйым салынады.
Сондай-ақ, Қанат Асқаров төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті және карантиндік режимді қамтамасыз ету үшін ата-аналар күнінде зират басына бармауды ұсынды.
– Осы жеңілдіктерге түсіністікпен қарауды сұраймын. Індетті жұқтыру қаупі әлі де жоғары. Сондықтан сақтықты жоғалтпау керек. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда қауіпсіздіктің негізгі шарты әлеуметтік қашықтықты, жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған нысандарда дезинфекциялық режимді сақтаудың маңызын ұмытпаған жөн. Карантиндік режимнің орындалуын бақылау шаралары жалғасады, – деді Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.
Қарағанды облысы