Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Әскерилер қарт адамға алғашқы көмек көрсетті

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Радиоэлектроника жəне байланыс əскери-инженерлік институтының əскери қызметшілері Дінмұхамед Алтынбек пен Ерзат Бекполов Алматы қаласындағы Жангелдин жəне Жүргенов көшелерінде орналасқан ауданда егде жастағы ер адамды құтқарды.

Әскерилер қарт адамға алғашқы көмек көрсетті

Əскери қызметшілердің айтуынша, дезинфекция жүргізу кезінде жаяу жүргіншілер жолының жиегінде жатқан қарт ер адамның жарақат алғанын жəне қанды көрген. Əскерилер шұғыл алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан кетуін тоқтатқан.  РЭжБӘИИ баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, зардап шегуші көп қан жоғалтып, дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында аман қалған.

«Біз жарақатты қолда бар заттармен таңдық. Таңғыш матаның орнына белбеу қолданып, жедел-жəрдем шақырдық», - деді əскери-инженерлік институтының 4 курс курсанты Дінмұхамед Алтынбек.

«Сол күні зейнетақы алғанмын, қолымда ақша салынған əмияным болды. Бұзақы менен ақша сұрады, беруден бас тартқаннан кейін пышақпен шынтақ буынының бүгілген жеріне соққы жасады. Балалар өз көмектері мен қоса қырағылықтарын көрсетті. Олар менің жарақатымды байлап, қан тоқтатып, жедел жәрдем шақырды. Мен оларға шексіз ризамын. Олардың өмірі мен қызметі сəтті болсын. Əскерилерді кəсіби мамандар даярлайтынына көзім жетті. Осындай жауынгерлер ел қорғаны болып тұрғанда біз тыныш өмір сүре аламыз», - деді Мерген Шымербаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Қарулы Күштері əскери қызметшілері үй-жайлар мен нысандарды, қоғамдық орындарды ауқымды дезинфекциялау жұмыстарын жалғастыруда. Алматы қаласында Радиоэлектроника жəне байланыс əскери-инженерлік институтының бөлімшелерімен 5,5 млн шаршы шақырымнан аса аумақ өңделді.

 

АЛМАТЫ