Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

«Біз біргеміз!»: Түркістандық 10 мыңнан астам отбасы қамтылды

116 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде Елбасы тапсырмасымен қолға алынған Nur Otan партиясының «Біз біргеміз!» акциясы Түркістан облысында жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Бүгінде акция аясында азық-түлік алған отбасылар саны 10 мыңнан асқан.

«Біз біргеміз!»: Түркістандық 10 мыңнан астам отбасы қамтылды

Игі бастаманы Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы және аудан, қалалардағы филиалдары үйлестіруде. Облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауындағы акцияны жүргізу үшін "Түркістан" әлеуметтік-корпоративтік даму қоры құрылып, кәсіпкерлер қомақты үлес қосты. Мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын аударса, жеке демеушілер, жергілікті мәслихаттардағы партия фракциясының мүшелері айрықша көмектесуде. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелері де көмек қолын созды. Аудан, қала әкімдіктерінен де қолдау бар. Азық-түлік себеттері партияның аудан, қалалық филиалдары арқылы «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» жобалары бойынша аса мұқтаж жандарға жеткізілуде. Бұл ретте «жасотандықтар» мен ерікті жастар, партия қызметкерлері елді мекендерді аралап, көмек жеткізгенін айта кеткен жөн.

Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтың айтуынша, көмек сұрағандар әлі де көп. «Мақсатымыз – көмекті шын мұқтаждарға жеткізу. «Біз біргеміз!» акциясы арқылы көмекке ие болған тұрғындар ризашылықтарын білдіруде», дейді Б.Тәжібаев.

Акция төтенше жағдай аяқталғанға дейін жалғасады.

 

 

 

Түркістан облысы