Бүгінгі таңда облыста коронавирустың 100-ден астам жағдайы тіркелген болса, оның 43-і емделіп шыққан. Мұндағы негізгі міндет – науқастардың санын көбейтіп алмас үшін қатаң бақылауды босаңсытпау екені де айтылды.
Басқосуда облыстық жедел штабтың төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әуелі медицина және полиция қызметкерлері өтуі тиіс COVID-19 бойынша тесттердің санын арттыру керектігін атап өтті. Осы уақытқа дейін 261 мыңнан астам жамбылдық жалпы сомасы 11,5 миллиард теңге болатын 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге қол жеткізген. Ал, 77 мың адам 440 миллион теңгеге азық-түлік жиынтығын алған. Сонымен қатар, «Біз біргеміз!» акциясы аясында 834 миллион теңге жиналып, оған 17мыңнан астам адам қамтылған болса, 2 мың дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне 210 миллион теңгеге үстемақы мен сыйақылар төленген. «Жұмысын бастайтын шағын және орта кәсіпорындардың тізімін жасау керек. Оларға жұмысын қайта бастау үшін рұқсат тек қауіпсіздік техникасы мен санитарлық талаптарды сақтай алатындығын дәлелдей алғанда ғана беріледі. Олардың сақталуын бақылау аудан әкімдеріне жүктеледі», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, күніне кемінде екі рет дезинфекциялау және қорғаныс костюмдері мен бетперделерінің болуы басты назарға алынады. Ұсынылған шағын және орта кәсіпорындар тізімінен шаштараздар мен сұлулық салондарын алып тастау туралы шешім қабылданды. Себебі, онда адамдардың жиі байланыста болуы мүмкін және санитарлық талаптардың орындалуы қиын. Алайда, қызмет көрсету станциялары, автожуу, азық-түлік емес дүкендер және басқа да нысандар өз жұмысын бастайды. Ал, мейрамханалар мен кафелер әлі де жеткізіп беру режимінде қызмет ете береді.
Жиында жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың біреуі қамқорлықсыз қалмас үшін белсенді демеушілерді тартуды жалғастыра беру қажеттігі де айтылды. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев «Үйлестіру кеңсесіндегі және әлеуметтік бағдарламалардағы барлық тізімдерді тексеріңіздер. Көмекке мұқтаж кез келген адам көмек алуы тиіс», деп атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдерді екінші қайтара төлеу шараларын, коммуналдық шығындарды өтеу үшін 15 мың теңгені рәсімдеуді ұтымды ұйымдастыра білу қажеттігі де айтылды. Сонымен қатар, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер мен оларға теңестірілгендер тиісті төлемдерді қол жеткізеді. Облыстағы соғысқа қатысқан 57 ардагерге 1 миллион теңгеден беріліп, оларды қала және аудан әкімдері арнайы барып құттықтайтын болады. Сонымен қатар, жиында тиісті орындар әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар таратып, қоғамда дүрлігу туғызатын тұлғаларды анықтау жөніндегі жұмысты жандандыра түсудің маңыздылығы да қаралды. «Мемлекет басшысы айтқандай, 11 мамырға дейін ел экономикасын қалпына келтірудің кешенді жоспары түзіледі. Осы орайда Жамбыл облысы да 7 мамырға дейін өз нұсқасын әзірлеп, Үкіметке ұсынуы керек. Шектеу шараларын енгізу аймақтық экономикаға қай деңгейде әсер ететіні, қандай шаралар көп зардап шегеді, қай жерлерде табыстың төмендеуі, жұмыссыздық деңгейі артатыны туралы болжам жасау қажет. Бастапқы болжамдарға сәйкес, бұл сауда, кәсіпкерлік, мәдениет, өнер және спорт салалары. Осыған орай, 30 сәуірге дейін аумақтық жұмыспен қамтудың жол картасын әзірлеу қажет. Негізгі мақсат – кемінде 26 мың, оның ішінде 11 мың тұрақты жұмыс орнын құру, жұмыс орындарының жаппай босауына жол бермеу. Ең бастысы – тәртіпті сақтау, әр адам өз тағдыры үшін ғана емес, сонымен бірге жақын және айналасындағы адамдардың тағдыры үшін де жауапкершілікті сезінуі тиіс», деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы