Спорт • 28 Сәуір, 2020

Олег Маскаев Майк Тайсонмен күш сынасуы мүмкін

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұған дейін біз кезінде WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған 51 жастағы ресейлік кәсіпқой боксшы Олег Маскаевтың шаршы алаңға қайта оралатыны жайында жазған едік.

Олег Маскаев Майк Тайсонмен күш сынасуы мүмкін

Осы жаңалықты естіген Ресей бокс федерациясының бас хатшысы Умар Кремлев Майк Тайсонмен жекпе-жек ұйымдастыру жайында ұсыныс білдірген көрінеді. АҚШ-тың даңқы жер жарған боксшысының да үлкен спорттан қол үзіп кеткеніне біраз жылдың жүзі болды. Соңғы кездесуін 2005 жылдың 11 маусымында ирландиялық Кевин Макбрайтқа қарсы өткізіп, техникалық нокаутпен ұтылған Тайсон содан кейін шаршы алаңға шыққан жоқ. Үстіміздегі жылдың 30 маусымында Майкл 54 жасқа толады.

«Әрине, Майкпен күш сынасуға мен әзірмін. Екі айдай дайындалсам, бабыма келемін. Бірақ мен оны ұрып құлатамын деп айта алмаймын. Өйткені, бұл – бокс. Рингте бәрі де болуы мүмкін. Бәсекенің қалай аяқталатыны тек бір Жаратушыға ғана аян», - дейді Маскаев.   

Олег Маскаев – Қарағанды облысындағы Абай қаласында дүниеге келді.

1993-2013 жылдар аралығында кәсіпқой рингте жұдырықтасты. Сол аралықта 46 кездесу өткізген айтулы боксшы 39 рет жеңіске жетті. 28 қарсыласын нокаутқа жіберді. Соңғы рет 2013 жылдың 4 қарашасында британиялық Дэнни Уильямсты ұпай санымен ұттты.