Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Түркістан қаласы қосымша 196 млн текше метр ағын сумен қамтылады

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы мен облыс орталығындағы ағын су тапшылығын жойып, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және үнемдеу бағытында ауқымды жобалар қолға алынды.

Түркістан қаласы қосымша 196 млн текше метр ағын сумен қамтылады

Қуарған жер бедерін жаңарту үшін Түркістан аумағында республикалық 2 жоба іске қосылды. Сыйымдылығы 18 млн текше метр болатын «Кеңсай Қосқорған-2 су қоймасын салу» жобасына 2 млрд теңге қаралып, жұмыс басталды. Жаңа жоба құны – 5,9 млрд теңге. Сонымен қатар, «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасына 4 млрд теңге көзделіп, бүгінгі күнге 9,6 шақырым канал бетондалған. Ал  «Шошқакөл көлдер жүйесін дамыту» жобасы таяу күндері «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында жүзеге аса бастайды. Одан бөлек, «Сырдария өзенінен машиналы әдіспен су беру жобасы» қолға алынып, техникалық экономикалық негіздемесі мен жобалық құжаттары әзірленуде.  Нәтижесінде, аталған жобалар өңірдегі ағын су мәселесінің шешімін табуына ықпал етеді. Ал Түркістан қаласы жалпы 196 млн текше метр ағын сумен қосымша қамтылатын болады.

Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 16 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Яғни 9,5 мың гектар алқаптың суару қабілеті жақсаратын болады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей тапсырмасымен, жергілікті бюджет есебінен 134 тік дренажды ұңғымалардың жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған. Жоба құны – 2,6 млрд теңге. Әзірге Түркістан аумағында 40 тік дренажды ұңғыма қалпына келтірілді. Осылайша, өңірде егіс алқаптарын суландыру мәселесі шешіліп келеді.

Ағын су барған аумақтарды аралап, жергілікті шаруалармен кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірқатар жұмыстар «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында атқарыла бастағанын айтып өтті. Жауапты басшыларға тиісті нұсқаулар берді. Тік дренаждар мен коллекторлық жүйелер толықтай қалпына келетін болса, жердің тұздану мәселесі шешіліп, топырағының құнарлығы бірнеше есе жоғарылайтын болады. Ала жаздай атыз жағалаған диқанның төккен тері ақталады.

2

 

Түркістан облысы