Қазақстан • 28 Сәуір, 2020

Қазақта «қалау» деген салт бар (этнографиялық пайым)

1783 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дос-жаран, тамыр-таныс, құда-жегжат, ағайын-туыс дегендей көңілі жақын адамдар бір-бірінен ұнатқан нәрселерін қолқа салып сұрап, «бәленшекең түгенін берсін, көзіндей көріп ұстап жүрейін» дегендей өтініш сөздер айтып қалап алады. Құрбы-құрдастар «бізден де бір есесі қайтар» деп  базынаға сүйеп қалауын алып кетеді. Қалайтын заттың түрі, әрине көп. Жүйрік ат, қыран бүркіт, күміс белдік, мүйіз шақша... деп кете береді. Яғни, ұнатқан затын қалайды.

Қазақта «қалау» деген салт бар (этнографиялық пайым)

Қалаудың біз білетін бірнеше түрі бар. Бірінші, қалаушы адам алатын затының иесіне құр қол бармай, қалаған нәрсесіне лайықты бағалы тарту-таралғы апарады. Тарту-таралғыны көбінде сол үйдің кенже баласына немесе басқадай сүйікті, ардақты деген біреуіне арнап апарады. Үй иесі сұңғыла, жөн-жосық білетін адам болса мұндай тарту-таралғымен келген қонаққа бірден «Қалауыңызды айтыңыз?» деп көшелілік танытады. Мұндайда қалауы бар қонақ «менің қалауым осы еді» деп сұрайды. Әрине қалаған заты беріледі. 

Ал қалаудың келесі бір түрі алыстан ат арытып келген сыйлы қонақтан, ағайыншылап келген тұқым-жұрағаттан, қыздың жасауын әкелген құдалардан, төркіндеп келген қыздан аттанар алдында «қалауыңыз не?» деп сол ауылдың иелері, көбінесе жасы үлкендері сыпайылап сұрайды. Келген қонақ көңілге алғаны болса айтады және аса бір аяулы зат, сетер мал болмаса діттегенін алып қайтады. Өз балаларына арнаған бәсіре ат бола ма, әйтпесе ата-бабасынан қалған құнды мұра, қимас жәдігер бола ма сондай аса аяулы затын бере алмаса, үй иесі соған татитын басқа бір мал немесе зат атап, қалайда қалаушыны құр қол қайтармауға тырысқан, оның меселін қайтаруды мін санаған. Әрине, «айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды» дегендейін  қалаушы да буынсыз жерге пышақ ұрмайды. Олар көбінде «осыдан меселім қайтпас-ау» деген көңілі жетер сыйлас адамдарына қолқа салатынын жоғарыда айттық.

Дәстүрлі қазақ қоғамында жиен нағашысынан үш ретке дейін көңілі түскен нәрсесін (жүйрік ат, қыран құс, алғыр ит, берен мылтық, т.б.) қолынан қалап алуға ерікті болған. Баланың кіндігін кескен адам да кіндік баласының ата-анасынан өзіне қажетті деп санаған нәрсесін қалап алатын салт  бар. Мұндайда аса құнды мал-мүлік қаланбаған. Мұны үй иесінің шама-шарқына сай, сыйластық негізінде ортаға жүретін жоралғы десе де болады.

Діттеген затына қолы жетпесе қалаушының өкпелеп кететіні болады. Мәселен, қалаған қыран құсын немесе жүйрік атын ала алмаса «екі қанат, бір құйрық, сыпырғышын қимады», «іші боқ, сырты түк бір тайын бермеді» деп ат құйрығын кесісетіндер де болады. Қалаудың бір шарты, ағайын адамдар, әсіресе қыз алысып, қыз беріскен құда-жегжаттар бір-бірінен ит қаламайды.

Менің бес-алты жастағы кезім еді. Күйеуге шыққан Үнзила әпкемнің артынан жасау ала бардық. Бас құдағи ретінде шешеміз, атқосшы орнына Қабдолда деген бір егде жездеміз, сосын мен. Мен сірә, бас құда болсам керек. Барған жерде шашу шашылып, ырым-кәделер жасалды. Мені үлкен құда өзі қолтықтап аттан түсіріп алып, төрдің қақ басына отырғызды. Басты да маған ұстатты. Не керек, сый-құрмет көріп, құданың ауылында бір жұмадай аунап-қунап жаттық. Баланың аты бала, «бас құдалықты» барған жерден ұмытып, алғашқы күні-ақ ауылдың қара домалақтарымен араласып кеттім. Менің кішкентай кезімнен жақсы көретін бір хайуаным ит, әсіресе оның жас күшігі болушы еді. Құданың ауылында бауырын енді көтеріп жүгіріп жүрген бір сүйкімді кішкентай ақ төс қара күшік бар екен. Ә дегеннен соған үйірсіктеп, иемдене бастадым...

Қайтарға таяғанда шешем ақыл үйрете бастады. «Кетерімізде құдалар қалауымызды сұрайды. Сонда сен ана жаңа бұзаулаған қара құнажынды аламын деп айт» дейді оңашада сыбырлап. Иә, құданың бір балықтай құнажыны біз барған күні бұзаулап уызына қарық болғанбыз Бірақ мен қара күшікті қалайтынымды үзілді-кесілді мәлімдедім. Мұнымды ұнатпаған шешем:  атасының баласы мұндай сыйлы жерде ит сұрап әдепсіздік көрсетсе елден ұят болатынын, айтып үгіттеумен болды.

Сонымен қайтатын күні де жетті. Ат-көлік сайланып, қоржын-қоспақ қамданылды. Құданың ауылының ересектері мен үлкендері тегіс жиналып, бізді шығарып салуға келді. Әдеттегідей аттанар алдында қалау сұрау басталды. Шешем мен жездем «екі жастың тату-тәтті өмірінен өзге не тілейміз» десіп сызылып, ештемеге қолқа салмады. Кезек маған жетті. «Ал, кішкене құда қалағаныңызды айтыңыз» деді үлкен құдамыз Қамқан шал қораздана отырып. Мені кәдімгідей кісі санап, ілтифат білдіріп отыр. Шешемнің көзі менде, «қара құнажынды айт» деп отырғаны белгілі. Мен екі ұдай болып біраз тосылып қалдым. Құдалар жағы «Айт, қарағым, айт, сенің бір реткі қалауыңа біз де тұрармыз» десіп кеу-кеулеп кетті. Қашанғы отырайын, бір уақытта «қара күшікті аламын» дедім түйеден түскендей. Отырғандар не күлерін, не қоярын білмей дағдарды да қалды. Ала көзбен атып шешем, мырс-мырс күліп жездем отыр. Біршама аңтарылып қалған соң құдалар жағы тілге келіп, «Иттен басқа жібі түзу бірдеме қалаңыз, құда» десіп, анау күнгі шешем айтқан уәжді бұлар да алға тартты. «Қарағым, ананы ал, мынаны ал» деп бас құдаға осы ұнайды-ау дегеннің бәрін атады. Ұсынғандарының ішінде жоғарыдағы қара құнажын да, бурыл құнан да, көк жорға да бар. Бірақ құданың ауылы қанша жерден жік жапар болып, ниеттерін білдіргенімен айтқанымнан қайтар мен  болмадым. Обалы кәне, олар да үгіттеуден жалықпады...

Ұзын сөздің қысқасы, бұл жолы қанша қисайсам да қара күшік маған бұйырмады. Құдалар ата салтты бұзбады, шешеме манағы қара құнажынды, Қабдолда жездеме бір жылқыны,  маған бурыл құнанды атап шығарып салды.

 

Аманжол Ақынұлы