Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Жайлаукөл ауылында маңызды мәселелер шешімін табуда

617 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атақты композитор Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» әнін білмейтін қазақ жоқ шығар. Бірақ жүректі тербеп, көңілді емдейтін бұл әннің Жамбыл облысы, Сарысу ауданындағы Жайлаукөл ауылына арналғанын біреу білсе, біреу білмес.

Жайлаукөл ауылында маңызды мәселелер шешімін табуда

Аудан орталығынан 240 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдың тыныс-тіршілігі бүгінде түзеліп келеді. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен бюджеттің көп қаражатын жұмсамай, оңтайлы, ықшамдалған шығынмен ауыл жолдарын жаңарту, елдімекендерге ауыз су тарту мәселесі Сарысу ауданының орталығынан шалғайда жатқан Төменгі Шу бойында жүйелі іске асуда.

Осы уақытқа дейін облыстық маңызы бар «Жайлаукөл-Қамқалы» арасындағы жолдың нашарлығы талай рет мәселе ретінде көтерілген. Бүгінде аталған бағыттағы 31 шақырым автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аталған жол сексенінші жылдардың соңында жөндеу көрген екен. Алайда, осы күнге дейін іскер әрі жанашыр азаматтардың қамқорлығымен тегістеліп, ретке келтіріліп отырған. Бірақ тұрғындар бұл жолдың да ылғи тесіліп жататынын айтатын. Бүгінде бұл жолды жөндеу жұмыстары қолға алынып, жөндеу жұмыстарына «Тараз-Көлік-Жолы» ЖШС жұмылдырылған. Жалпы, орта жөндеу жұмыстарына 550 миллион теңгеден астам теңге бөлінген. Сонымен қатар, жақын күндері «Сарысу сулары» кәсіпорны «Итеке» су тоғанынан Жайлаукөл ауылына дейінгі 11 шақырым ауыз су құбырын ауыстырып, ауылға таза ауыз су келеді. Бұл жұмыстар 22 миллион теңгеге іске асатын болады.

Сарысу ауданының Төменгі Шу бойында орналасқан Жайлаукөл ауылының тұрғындары бұл бастамаға ризалық білдіруде. Жакентай Жамбылов, Мәжит Әміров сияқты ауыл қариялары облыс басшылығына ризашылығын жеткізуде.

 

Жамбыл облысы